389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Асқар Маминнің Алматы облысына сапары қалай өтті

  • 220
  • UPD: 22:59, 20.09.2019

Бүгін Қазақстан Республикасының премьер-министрі Асқар Мамин Алматы облысында автомобиль майларын шығаратын зауыттың ашылуына қатысты.

Кәсіпорынның құрылысына және оны жарақтандыруға 94 миллион доллар инвестиция салынған. Сондай-ақ Үкімет жетекшісі қарқынды алма бақтары, сапалы сүт өнімдері және кондитерлік өнімдер шығаратын экспортқа бағытталған компаниялардың да тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл кәсіпорындар Жетісу өңірі ғана емес, ел экономикасына да сүбелі үлес қосып келеді. 

Іле ауданында орналасқан зауыттың ашылу салтанатына Премьер-министр Асқар Маминмен бірге «Лукойл» компаниясының президенті Вагит Алекперов қатысты. Осы уақытқа дейін «Лукойл» еліміздің көмірсутек секторына 9,5 миллиард доллар көлемінде инвестиция салған. Жаңа зауыт мұнайды терең өңдеуге мүмкіндік береді.

Бауыржан Сартбаев, «Kazakh invest» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы:

– Бүгінгі күні осында 200-ден артық тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұл зауытта жыл сайын 100 мың тоннаға жуық өнім шығарылады. Ол өнімді көрші мемлекеттерге – Қырғызстанға, Тәжікстанға, Өзбекстанға, Батыс Қытайға шығарады. Бұл жобаға «Kazakh invest» инфрақұрылым тарту мәселесіне және нысанды пайдалануға беру саласында көмек көрсетті.

Өндірістің «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» көлік магистраліне жақын орналасуы логистикалық процестерді жеңілдетіп отыр.

Андрей Матюхов, «Лукойл Лубрикантс Орталық Азия» ЖШС бас директоры:

– Өндіріс көлемін жылына 130 мың тоннаға дейін жеткізе аламыз. Зауытта майлау материалдарының 800-ге жуық түрі шығарылады. Бұл біздің клиенттеріміздің сұранысын толық өтеуге мүмкіндік береді.

Салтанатты шара барысында «Лукойл» ЖАҚ және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ арасында «Қазақстан Республикасының аумағындағы учаскелерді  бірлесіп зерттеу туралы» келісімге қол қойылды. Жетісу өңірі – алма өсіруге қолайлы жер. Бүгін Үкімет басшысы Amal Bio-ның интенсивті бағында болды. Фермерлер әр гектардан 70-80 центнерден өнім жиған. Былтыр 2 мың тоннадан астам алма Ресейге, Біріккен Араб Әмірліктері мен Моңғолияға экспортталған. «Адал» агро өнеркәсіптік компаниясының жүгерісі де бітік шығыпты. Компания биыл 10 мың тоннадан астам жүгері дәнін алуды жоспарлап отыр. Жем-азығы жақсы болса, сүт мол болады. Ал цифрлық технологиялар сапалы өнім алуға мүкіндік береді. Артылғанын көрші елдерге де сата бастаған.

Серік Смайылов, «Адал» агроөнеркәсіп кешенінің бас директоры:

– Жақында ғана Өзбекстанның Нүкіс қаласына 100 тонна сүт өнімін саттық. Тамыз, қыркүйек айларында 100 тонна май Ресейге жөнелттік. Биыл 10 мың тоннадан астам жүгері дәнін аламыз деген жоспарымыз бар. Былтыр 9 мың тоннадай жинап едік. Оның 7 мың 800 тоннасын Өзбекстан мен Тәжікстанға саттық. Биыл Иран мен Ауғанстан қызығушылық білдіріп отыр.

Премьер-министр G4 City жобасының іске асырылуымен танысты. Қазір бұл жерге қажетті инфрақұрылымдар жүргізілген. Асқар Мамин «Империя Фуд» компаниясының ет өңдеу комбинатында да болды. Кешен жыл басында индустрияландыру картасы аясында ашылған. Әуелде бұл 3 мың бас ірі қара бордақылайтын алаң еді. Енді сиыр етін терең өңдеуді қолға алып отыр. Мұнда жылына 8 мың тонна ет өнімі мен 12 мың банкі бұқтырылған ет шығарылады. Асқар Мамин Алматы облысына жұмыс сапарын «Хамле» компаниясында аяқтады. Кондитерлік компанияда қазір 800-ден астам адам жұмыс істейді. Кәсіпорын алдағы уақытта өндірістік роботтарды қолданысқа енгізіп, жұмысшыларын жаңа технологияларға үйретуді көздеп отыр.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы