389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада көп балалы аналар баспана беруді талап етті

  • 247
  • UPD: 23:53, 20.09.2019

Елордада көп балалы аналар митингке шықты.

Наразы топ жергілікті биліктен бір күнде баспана беруді талап етіп отыр. Сондай-ақ олар тұрмысын тіктей алмай жүргендерге жеңілдетілген несие беруді сұрауда. Жергілікті билік өкілдері көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуға әзір. Бірақ барлығы заң аясында болуы керек дейді.

Көпбалалы аналар министрлік үйіне жаппай ағылды. Ұзын-ырғасы 60 адам биліктен бір күнде баспана беруді сұрады. Арасында жөргектегі баласын құндақтап келгендері бар. Олар мемлекеттен жеңілдетілген несие беруді яки жалдамалы пәтерді жылдам ұсынуды талап етті.

Жергілікті билік өкілдері наразы топтың мұң-мұқтажы ескеріледі дейді. Бірақ барлығы заң аясында болады. Бір күнде баспана беру мүмкін емес. Қала әкімі мұны анық айтты. Жыл соңғына дейін елордада 1 600 пәтер қолданысқа берілмек. Оның 600-і кезекте тұрған көп балалы аналарға табысталады.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

– Айқай-шумен пәтер алу деген болмайды. Сондықтан біз сіздерге өтірік сөйлемейміз деп айттық. Артық уәде бермейміз. Қолымыздан келгенше көмекті аямаймыз. Қазір 47 600 адам кезекте тұр. Олардың құқығын біз қалай бұзамыз?

Қазір қалада 47 мыңнан астам пәтер кезегінде тұр. Адам саны көбейген соң, мемлекет «Қолжетімді баспана» бағдарламасының аясын кеңейтуді ұйғарған. Енді осы бағдарлама бойынша салынатын үйлердің саны 3 есеге көбейеді. 

Ақмәди Сарбасов, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары:

– Әлеуметтің әлжуаз топтарын қолдауға бағытталған «Жол картасы» әзірленген. Жобада баспананалы болу, медициналық көмек көрсету, сапалы білім беру сынды мәселелері қамтылған. Одан бөлек, Президенттің тапсырмасымен атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің аясын кеңейтуді көздеп отырмыз.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жақын күндері наразы топпен тағы бір кездесіп, олардың нақты талаптарын жазып алуды жоспарлап отыр. Сөйтіп, жаңа әзірленген «Жол картасына» енгізбек.

Хабар 24 телеарнасы