389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандылық диқандар сандық технологияның көмегімен мол өнім жинады

  • 235
  • UPD: 09:32, 21.09.2019

Қарағанды облысының диқандары егіннің тең жартысын орып бітті.

Аптап ыстықтан және жаздың жаңбырсыз болуына байланысты биыл өңірде бидай бітік шықпады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әр гектарынан 9,3 центнерден айналуда. Бірақ сандық технологияға сүйеніп, астық еккен шаруалар мол өнім алуда.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан биыл астықты Нұра ауданындағы «Шахтер» шаруашылығы мол өнім жинап жатыр. Орташа есеппен әр гектарына 20 центнерден бидай алуда. «Бұл сандық технологияның жемісі», - дейді диқан. Өткен жылы олар сынақ түрінде 500 гектар жерге бидай сепкен болса, биыл егістік алқапты 4600 гектарға ұлғайтыпты.

Георгий Прокоп, шаруа қожалық жетекшісі:

- Ауыл шаруашылығын цифрландыру – бұл біздің болашағымыз екенін жақсы түсінеміз. Себебі жаңа технология бойынша минералды тыңайтқыш сепкен алқаптарда өнім екі есеге жоғары болады. Біз өткен жылы жер сынамасын Еуропадағы зертханаға жіберіп, көктемде соның нәтижесіне сүйене отырып, егін ектік. Өнім мол. Енді келесі жылы сандық технология қолданатын алқапты 10 мың гектарға ұлғайтамыз.

Жалпы аталған шаруашылық биыл 36 мың гектар алқапқа егін сепкен. Алайда аптап ыстықтан бидайдың біразы күйіп кетіпті. Оның үстіне қатты жел мен толассыз жаңбыр да орақ науқанына орасан зиян келтірген.

Станислав Юсупов, шаруашылық бригадирі:

Бір апта бойы жаңбыр жауып, жұмысымызға кедергі келтірді. Ол аз болғандай қатты жел тұрып, бидайдың біразы құлап қалды. Ылғал аз болған соң қураған бидай жерге шашылып жатыр. Әйтпесе, бұдан да көп өнім жинаған болар едік. Қазір орташа есеппен 10 центнерден айналып жатыр.

Сандық технология шаруашылықтағы картоп алқабына да енгізілді. Қазір ылғалы мен тыңайтқышы келісті танаптардан мол өнім жиналуда. Түсім әр гектарына 40 тонна. Биыл олар Германиядан тағы 4 түрлі тұқым әкелген.

Виталий Прокоп, шаруашылық агрономы:

Бұл 4 түрлі тұқымды біз өзіміздің климаттық жағдайда сынақтан өткізіп жатырмыз. Егер жақсы нәтиже берсе, келесі жылы егеміз. Ерекшелігі, ұзақ сақталады, әрі бір түптен 20-ға дейін картоп алуға болады.

Мемлекет басшысы өз жолдауында бос жатқан жерлерді нарықтық айналымға енгізу туралы тапсырма берген болатын. Шаруашылық алдағы 4 жылда картоп алқабын мың гектарға ұлғайтуды көздеп отыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы