388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда «Ұлы даланың жеті қыры» атты этнофестиваль ұйымдастырылды

  • 255
  • UPD: 14:58, 21.09.2019

Атырауда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ұлы даланың 7 қыры» атты этнофестиваль ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауқымды шара жастар жылына орай аймақтағы кәсіби-техникалық және жоғары оқу ордаларының студенттеріне арналды. Фестивальға қатысушылар ұлттық салт-дәстүріміз, ұлттық спорт ойындары, ән-күй және ұлттық тағамдарымызды даярлау шеберлігі бойынша сынға түсті.

Этноауылда тігілген ақшаңқан киіз үйлер ұлттық нақыштағы фестивальдың көркін аша түсті. Шаршы алаңда балуандар күш сынасса, сахнада жас өнерпаздар көрерменді әсем ән мен тәтті күйге бөледі. Ал тақырып бойынша Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы құндылықтарға басымдық берілді.

Роллан Құспан, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:

- Жеті қырдың әр қырына арнайы киіз үй бөліп, сол киіз үйлердің ішіне сол тақырыпқа арналған,бағытталған бұйымдарды қойдық. Соны жастарға түсіндурі жұмыстарны ұйымдастырып отырмыз.

Фестиваль ежелден сақталып келе жатқан ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеп, жастарға тәлім-тәрбие беруді көздейді. Сонымен қатар ұлы даламызды өзге мемлекеттерден ерекше етіп көрсететін құндылықтарымызды паш етеді.

Жанарбек Жарылғасынов, Жоғары техникалық колледж директоры:

- Сол бағдарламаға байланысты өз үлесімізді «Ұлы даланың жеті қыры» этнофестиваліне қатысып индустриалдық, гуманитарлық колледж, техникалық колледж бәріміз қосылып, үлес қосып жатырмыз. Мына жерге «Қазақстан алма мен қызғалдықтың Отаны» деген көрме ұйымдастырдық. Жастар саясаты біздер үшін де аса маңызды болғандықтан осы фестивалға қатысып жатымыз.

Аружан Артурқызы, Д.Нұрпейісова атындағы музыка колледжінің студенті:

- Дәстүрлі халық әндерін, терме, жырларын насихаттап жүрміз. Осы жастар жылына байланысты қазір Атырауда, бүкіл Қазақстанда осындай фестивальдар көп өтуде. Салт-дәстүрлеріміз кеңінен таралса екен дейміз.

Ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін әрі тұңғыш рет ұйымдастырылған фестивальді екі мыңға жуық тұрғын тамашалады. Ал жастардың өнері мен ұлттық салт-дәстүрімізге қатысты біліктіліктері мен шеберліктеріне ақ сақалды абыздар мен ақ жаулықты әжелер әділ бағасын берді. Жалпы фестивальға қатысушы жастар 5 аталым бойынша сынға түсті. Үздіктер үшін қомақты жүлде де тағайындалған. Бірінші орынды иеленген ұжым 1 млн теңгені қанжығаларына байлады.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Амантай Матенов

Хабар 24 телеарнасы