389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде елордалық дәрігерлер жүрегінде ақауы бар балаларға тегін қабылдау жүргізді

  • 212
  • UPD: 14:57, 21.09.2019

20-ға жуық баланың жүрегіне шұғыл түрде операция жасау қажет.

Бұл туралы елордалық дәрігерлердің Ақтөбеде жүргізген қабылдауы барысында анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

4 күн бойы тегін қызмет көрсеткен кардиохирург пен ультрадыбыстық зерттеу маманы 100-дан аса баланы қарады. Оның арасында дүниеге жаңа келген сәби де бар.

Елордалық дәрігерлердің келгенін естіген Абзал Анарбаев қабылдауға әдейі келген. Себебі, бұған дейін Нұр-Сұлтанда бірнеше рет жүрегіне операция жасалған еді. Содан бері жағдайы тәуір. Алайда, әлі де бақылауда болуы тиіс. Анасының айтуынша, алдағы уақытта тағы да операция қажет.

Эльмира Әмірханова, анасы:

- Елордада екі рет операция жасалды. Тесігі болды, оны бітеп, стенд қойды. Клапан салды. Жалпы сондай операциялар жасалды. Енді астананың дәрігерлеріне сенеміз. Өйткені бізге бір рет емес, екі рет жасағаннан кейін ол кісілерге операцияны толық сенеміз.

Жоғары білікті дәрігерлер келушілерді тегін қабылдады. Тіпті кезекке тұрғандардың бірін де қалдырмай қызмет көрсетті. Кеңестерін берді. Айтуларынша, жүрек ауруларының түр-түрі анықталған. Соның ішінде туа бітті ақаулары көп дейді.

Данияр Канжығалин, Нұр-Сұлтан қаласындағы ұлттық ғылыми медициналық орталығының кардиохирургі:

Біз жүзден астам баланы қабылдадық. Оның арасында 20-сына шұғыл ем қажет екені анықталды. Енді олар елордаға операция жасау үшін шақырылады немесе осында өткізілуі керек. Жалпы дерттердің пайда болу себебін нақты айту қиын. Дегенмен, бұл ретте мен жүктілік кезінде дәрігердің қабылауында жиі болуы қажет деп айтар едім.

Елордалық дәрігерлердің қабылдау жүргізуі ақтөбелік мамандардың тәжірибесін арттыруға да септігін тигізді. Дегенмен, жүрекке операция жасау жергілікті жерде де жүргізіледі. Мәселен, бүгінде өңір бойынша есепте тұрған 900-ден астам баланың көбісіне Ақтөбеде емдік шаралары көрсетілген. Оған қоса, соңғы кездері көрші өңірлерден де келіп, ем алушылардың қатары көбейе түсіпті.

Ануар Досмағамбетов, Ақтөбе медициналық орталығының бөлімше меңгерушісі:

- Еліміздің батысында балалар кардиохирургиясы тек бізде орналасқан. Сондықтан да Орал, Ақтау секілді қалалардан келушілер бар. Ал, Атырауға жеті рет шығып, туа бітті жүрек ахауымен туған балаларға операция жасадық. Кейбіріне осында көмек көрсетілді. Көрші өңірлерде ем көрсету үшін кеңес беріп тұрамыз.

Қазір елімізде жүрек ауруын ерте анықтауға толық мүмкіндік бар. «Бұл сәйкесінше, дерттен тұтастай айығуға септігін тигізеді», - дейді дәрігерлер.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

 

 

Хабар 24 телеарнасы