389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шамалғандағы апат: Жараланған балалар ес-түссіз жатыр

  • 238
  • UPD: 15:57, 21.09.2019
Шамалғандағы апат: Жараланған балалар ес-түссіз жатыр

Алматы қалалық балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы бас дәрігерінің орынбасары Дінмұхамед Рузуддинов Шамалғандағы пойыз бен автобустың соқтығысуы салдарынан зардап шеккен үш және төрт жасар қыздардың жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Екеуі де ауыр бас сүйек-ми жарасын, бас миы жарақатын алған. Бес жасар қыздың маңдай-самай сүйектері сынған. 15 қыркүйек күні оған Қаскелең ауруханасында бас сүйекті трепанациялау операциясы жасалды. Екінші балаға операция жасалған жоқ. Қазіргі таңда екеуінің де өкпесі жасанды жолмен ауа алмастырып жатыр. Жағдайлары аса ауыр. Жасы үлкен қыздың оң жақ иығының сүйегі орнынан қозғалып, сынып кеткен. Балалар ес-түссіз жатыр», - деді Дінмұхамед Рузуддинов.

Дәрігердің айтуынша, қыздар Алматы қалалық шұғыл медициналық жәрдем орталығына 19 қыркүйекте жеткізілген.

«Біздің орталығымыз арнайы мамандандырылған. Бұл жер оларға қолайлы әрі жақсы болады деп ойлаймын» деді ол. Бұған дейін қыздардың анасы №7 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілгені туралы хабарланған еді. Оны операцияға дайындап жатыр.

Естеріңізге сала кетсек, 15 қыркүйек күні Шамалған станциясында пойыз бен автобус соқтығысты. Оқиға орнында автобус жүргізушісі мерт болып, тағы 3 адам Қарасай аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне түсті. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабының 3-тармағы бойынша іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Істің тергелуін Бас көліктік прокуратура бақылауына алды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пойыз бен автобус соқтығысынан зардап шеккендердің туған-туыстарына көңіл айтты.

Хабар 24 телеарнасы