389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысындағы екі ауылға ауыз су жеткізілді

  • 247
  • UPD: 22:46, 21.09.2019

Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы екі ауылға таза ауыз су жетті. Шалғайдағы қос елді мекенде орталықтандырылған су  жүйесі бұрын-соңды болмаған.

Жұрт бұған дейін тіршілік нәрін құдықтан немесе бұлақ көздерінен тасып ішкен еді. Енді бұл қиыншылықтар артта қалып, тұрғындар үйлеріне су тартып алып жатыр.

Арыстандыда көптен күткен қуаныш. Ауылға су келді. Вали Ахметов ауласына алғаш болып құбыр тартқандардың бірі. 82 жастағы қария өмір бойы пайдаланған құдығының суы мен қазір ағып тұрған суды салыстырып басын шайқайды. 

Вали Ахметов, Арыстанды ауылының тұрғыны:

- Міне су кіргізіп, міне таза су. Құдайға шүкір. Далада да су. Қыстыгүні біз анау құдықтың басына аяз, қар, боран. Соны мал да іше алмайды. Бізде іше алмадық. Енді келін де, балалар да, бәрі осыдан ішіп жатыр. Киім де жуып жатыр. 

Айтқұл Жылқыбаев, Қызылдихан ауылының тұрғыны:

- Бізді қолдап, осындай жәй соғып суды әкеліп бергеніне көп алғыс рахмет. Мен осындай жақсылықты бүкіл Қазақстан халқына тілеймін. 

Ауыл халқының көбі үйлеріне ауызсуды кіргізіп қойған. Енді кірісіп жатқандары бірен-саран. Су жүйесі орталықтандырылған. Тіршілік нәрі тұндырылып, арнайы тазартудан өткізіліп барып жіберіледі. 

Әли Мұстафаев, бас оператор:

- Қазір бір насос істеп тұр. Через насос башняға барып жатыр. Башня бактерицитке барады. Оның ішінде 12 лампа бар. Бір бактерициткіде. Ол суды фильтровать етіп ауылға жіберіп жатыр. 

Арыстанды мен Қызылдихан ауылдарын сумен қамтамасыз етуге 500 миллион теңгедей жұмсалды. Жалпы Сарысу ауданында осындай 26 елді мекен бар. Оның 15-і орталықтандырылған таза ауызсу тұтынып отыр.

Еркін Алтешов, сарысу аудандық ТKШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Бүгінгі таңда тағы екі елдімекен қосылуда бізде. Арғы жағында 4 елді мекеннің екеуіне жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Екеуіне су асты қорын барлау, зерделеу жұмыстары анықталған. Қалған бес елдімекен бізде 50 адамнан кем әлеуметтік жағынан тиімсіз болып есептеледі. 

Ендігі кезек Игілік пен Өндіріс ауылдарында. Биыл су жүргізуге облыспен республикалық қазыналардан жалпы 720 миллион теңге бөлініп отыр. Бұл жобаларды 2020 жылға дейін іске асыру жоспарда.  Одан кейін Жаңаталап пен Ұйым ауылдары кезекте тұр. Қазір жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатыр. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы