389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысындағы Құйған ауылына 1 млрд 200 млн теңгеден астам қаржы бөлінді

  • 173
  • UPD: 23:57, 22.09.2019

Алматы облысының Балқаш ауданында Құйған ауылын дамытуға соңғы жылдары 1 млрд 200 млн теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нәтижесінде жаңадан аурухана мен мектеп бой көтеріп, көпір салынды. Ал, биыл күре жолдың қауіпті аймақтары жасалып, электр желілері тартылып жатыр.

Құйған ауылы Бақанастан 250 шақырым қашықтықта. Шалғайда жатқан елді мекенге қатынайтын жолдың қауіпті аймақтары қазір қалыпты жағдайға келтіріліп жатыр. Асфальт төселіп, ішінара жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Күре жолмен қатар көшелерді де жасау қолға алынған.

Қадырхан Ахметов, Құйған ауылдық округінің әкімі:

Ауылымыздың ішінде жеті көше бар. Сол жеті көшенің екі көшесіне асфальт төсеу үшін жобалау сметалық құжаттары жасалды. Ал, Омарбеков көшесін жасау үшін екі жылға 86 жарым млн теңге бөлініп отыр. Оның 26,5 млн теңгесі биылға қара жол төсеуге, қалғаны асфальт төсеуге. Ол да үлкен жұмыс.

Асфальт төселетін жол жиегіне қазір бағаналар орнатылып, электр желілері тартылып жатыр. Биыл бес көше жарықтандырылады. Атқарылып жатқан осындай жұмыстармен қатар өзекті мәселе де бар. Аудан тұрғыны Мырзағали Жұмабековты су деңгейі көтеріліп, шабындықтың тарылып жатқаны алаңдатады.

Мырзағали Жұмабеков, аудан тұрғыны:

- Жаңадан орып алатын шабындық таппай отырмын. Бұрынғы Балқаш көлінің жағалауындағы шабындық жерлер су астында қалды.

Ауылдағы әлеуметтік мәселелер мемлекет және жекеменшік есебінен жыл сайын өз шешімін тауып келеді. Оның айқын дәлелі ретінде кәсіпкерлердің демеушілігімен бой көтерген жаңа мектепті айтуға болады. Ал, мемлекет қазынасынан бөлінген қаржыға шағын аурухана тұрғызылды. Елді мекеннің ортасымен ағатын Іле өзеніне көпір де салыныпты.

Ақбар Мақұлұлы, ауыл тұрғыны:

- Су көтерілген кезде балаларға қауіпті еді. Осы көпір құрғалы ауылымызға жақсы болды. Екі жақтағы ауылдың тұрғындарына қатынауға ыңғайлы болды. Тез әрі жұмысымызды бітіруге ыңғайлы.

Сонабай Дүйсенбеков, Ауданның құрметті азаматы:

- Ауылымыз көркейіп келе жатыр. Біздің орнымызға жастар жұмыс істеп жатыр. Негізгі шаруашылық балық қой бізде. Жеке шаруашылықтар мал ұстап отыр. Жағдаймыз өте жақсы.

Құйған ауылындағы Мәдениет үйі тоқырау жылдары жекеменшікке өтіп кеткен еді. Сол ғимарат 2015 жылы мемлекет иелігіне қайтарылды. Енді күрделі жөндеуден өткізіліп, ел игілігіне берілмек.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

 

Хабар 24 телеарнасы