389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында аяғы ауыр әйелдердің түсік тастауы жиілеген

  • 155
  • UPD: 15:14, 23.09.2019
Павлодар облысында аяғы ауыр әйелдердің түсік тастауы жиілеген

Павлодар облысында жаңа туған нәрестелердің шетінеуі 20 процентке өсіп, республика бойынша төртінші орынға жеткен.

Мұндай статистикаға әйелдердің түсік тастауының жиілеп кетуі себеп. Дәрігерлер аяғы ауыр әйелдің салғырттығынан болашақ сәбидің  зардап шегетінін айтып, дабыл қағып отыр. Олар репродуктивті денсаулыққа ерте бастан көңіл бөлу қажеттігін айтады. 

Павлодардың  облыстық  перинатальдық орталығы мерзімінен бұрын туған әрбір шақалақтың өмірі үшін күреседі. Бейкүнә сәбилердің көбі дүниеге ауру-сырқау  болып келеді. Бұл  жүктілікке  немқұрайды қараудың нәтижесі   дейді мамандар. Олардың айтуынша, баланың шала немесе өлі туылуы ең алдымен анасының денсаулығына байланысты. 

Гүлнәр Хамитова, облыстық перинаталдық орталықтың дәрігері:

- Бүгінде бұл көрсеткіш артып отыр. Қазір орталықта 8 әйел жатыр. 8 шарана өте аз салмақпен өмірге келді. Денсаулығы нашар әйелдер осындай дімкәс балаларды дүниеге әкеледі. Өйткені баланың жағдайы анасының денсаулығына байланысты.

Бала өлімімен аяқталған оқиғаның 99 проценті алдын ала жоспарланбаған жүктіліктен туындайды. Осынау жауапты қадамға баратын  әйелдер  денсаулығына мән  бермейді. Облыстың штаттан тыс балалар гинекологы Ғалия Мұқажанова мәселенің өзегі жасөспірімдердің сауатсыздығында жатқанын айтады. Олармен жұмыс істейтін мамандар тапшы. Ал ерте жастағы жүктіліктің соңы көп жағдайда сәтсіз аяқталады.

Ғалия Мұқажанова, штаттан тыс облыстың бас балалар  гинекологы:

- Нәрестелер өлімін азайтып, туғаннан кейінгі асқынудың алдын алу үшін алдымен жасөспірімдердің жүктілігін  төмендетуіміз керек. Ерте жастан бала көтерген ана мерзімінен бұрын босанады. Өйткені оның ағзасы әлі жетілмеген. Жалпы, баланың қалыпты деңгейде дамуына анасы ғана емес, әкесінің де денсаулығы әсер етеді.

Өткен жылдың күз мезгілінде Павлодарда жастардың денсаулық орталығы ашылған болатын. Мұнда кәсіби біліктілігі жоғары мамандар, әлеуметтік педагогтар мен психологтар жұмыс атқарады. Олар қыз балалардың өміріне қажет маңызды ақпараттар мен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қыркүйек айында қала мектептерінде «Репродуктивті денсаулықты сақтау» акциясы басталды. Мамандар   келеңсіз жағдайлардан қорғану турасында әңгіме өрбітеді.

Кенжегүл Байғожина,  психолог:    

- Біз бұл бағытта зерттеулер  жүргіздік. Қыз балалардың 50-60 проценті  өзінің жүктілігі жайында бірінші болып серігіне айтады. Одан кейінгі кезекте құрбылары тұр. Тек 10 проценті ғана ата-аналарына сенім артса, 12 проценті дәрігерге жүгінеді. 

Оқушылармен осы бағытта жұмыс істеу  барысында мамандар жаңа әдістемелік тәсілдерді пайдаланады. Оқу ойын, пікір-талас және жасөспірімдермен сұқбат түрінде жүргізіледі.

Гүлнәр Жүсіпова,  дәрігер:

- Өмірге жеңіл-желпі қарауға болмайтынын балалар ерте бастан сезінуі тиіс. Бұл жерде денсаулыққа баса мән беріледі. Жыныстық қатынасқа ерте түсудің ақыры күтпеген жүктілікке әкеледі. Жұқпалы ауруларға душар болады. Біз ең алдымен білім алып, белгілі бір кәсіпті меңгеруге үндейміз. Дені сау ұрпақ әкелу үшін лайықты отбасын құруды жоспарлау керектігін үйретеміз. Осы тұрғыдан сауаттылықты арттыруымыз керек.

Павлодардың Балалар үйі жыл басынан бері жаңа туған жүзге жуық нәрестені қабылдапты. Көпшілігінен  ата-аналары бас тартқан. Психологиялық жұмыстардың арқасында кейбірі райынан қайтып, бауыр еті баласымен қайта қауышыпты. Мемлекет тастанды сәбилерді өзекке теппесі анық. Бірақ ананың орнын ешкім баса алмайды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы