389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-дағы Күршім халқы көпірге зәру

  • 181
  • UPD: 20:32, 23.09.2019

Шығыс Қазақстандағы 24 мың тұрғыны бар Күршім ауданының халқы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды шешімін қуанышпен қабылдады.

Мемлекет басшысы Үкімет пен облыс әкімдігіне Бұқтырма су қоймасына көпір салу туралы тапсырма берген еді.

Жарты ғасырдан бері түйткілге айналып, талай қайғылы жағдайларға себеп болған мәселе енді шешімін табуы тиіс. 2017 жылы жасалған жобалық-сметалық құжат дайын тұр. Жалпы құны 30 миллиард теңгеден асатын жобаға шетелдік инвесторларды тарту көзделген.

Қызылту өткеліндегі 6 шақырымдық су жолының күршімдіктер үшін маңызы ғаламат. Тамыздың 3-іне дейін мұнда 2 паром таңғы 6-дан кешкі 10-ға дейін қызмет етіпті.

Болат Көкенайұлы, тілші:

– Екінші паром істен шыққандықтан, қазір теплоход сүйреген баржа осы арада қызмет көрсетіп жүр. Алайда мұның өзі мәселені түпкілікті шешпейді. Өйткені түсте келген көліктер міне, қас қарая кеш батқанда әрең мінеді екен.

Есімхан Құмарханұлы, Күршім ауданының тұрғыны:

– Асыққан ел мына жерден өте алмай жүр. Менің өзім су астына бір сүңгіп шықтым. Бір жылдары су ортасында қалғанбыз.

Паромдар өткен ғасырдың сонау 60-жылдары құрастырылған. Тозығы жеткен техникаларды осыдан 2 жыл бұрын кәсіпкерлер сенімді басқаруға алыпты. Су көлігін жүргізіп, оған сапалы қызмет көрсетудің өз қиындықтары бар екенін айтады олар.

Бақытбек Нұрпейісов, Қызылту өткелінің меңгерушісі:

– Таңғы сағат 6-дан басталып, 9-10-ға дейін болғанына қарамастан, барлығымыз күшімізді салып, халықты қалдырмауға тырысып жатырмыз. Қауіпті болса да баржаны іске қостық, амалсыздан қосып отырмыз. Кезінде баржаларды жүргізбей тыйым салған. Енді өздері сұрап отырғаннан кейін халық тоспас үшін жағдай жасап жатырмыз.

Болат Көкенайұлы, тілші:

– Паром қазір жағалауға жақындап қалды. Алыста тұрған көліктердің кезегін көріп тұрсыздар. Мұндай халық көпірі әдетте жұма, сенбі, жексенбі күндері көбейеді. Және паромның қызметін қазір 20 мыңнан астам тұрғыны бар Күршім ауданы ғана емес, сонымен қатар көршілес Зайсан, Тарбағатай ауданның тұрғындары да пайдаланып жатыр. Өйткені қазір Омбы-Майқапшағай тас жолы күрделі жөндеуден өтіп, айналма жолдар елді әбігерге салған.

Аудан тұрғындарының саны осыдан 22 жыл бұрын 47 мың болса, қазір екі есе азайып, 24 мың ғана қалып отыр. Жұрттың бұлайша шекаралық аймақтан жаппай көшуіне өткел қиындығы да басты себеп болып отыр.

Гүлдана Ермекова, Күршім аудандық автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

– Паром 19 метр секундына жел көтерілген кезде жүруіне болмайды. Ауданда осындай желді аймақ болғандықтан, көбінесе жел болады. Аудан тұрғындарының жүріп-түруына, облыс орталығына қатынауына күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тағамдар мен ауруханаға баруларына қиындық тудырады.

Құйған ауылы тұсынан жаңа көпір салу жобасы 2017 жылы жасалған. Жалпы құны 30 миллиард теңгеден асатын құрылыс шетелдік инвесторлар көмегімен салынуы тиіс еді. Алайда бірнеше шет мемлекетпен жүргізілген келіссөздер осы күнге дейін нақты нәтиже бермеді.

Осы көпірді салуға Түркия, Ресей, Қытай, Корея елдерінің компаниялары қызығушылық танытқан. Алайда кейін барлығы бұл жобадан бас тартқан. Өйткені олар бөлген қаражаттарының 5-6 жыл ішінде жылдам ақталғанын қалайды. Ал алдын ала зерттеулер мұның мүмкін еместігін көрсетті. Осылайша ұзындығы 1300, ал ені 13 метр болатын екі жолақты көпірді салу туралы мәселе сол күйінде қалған еді. Енді Мемлекет басшысының берген тапсырмасына сай қазір барлық құжаттар әзірленіп, қайтадан автобмобиль жолдары комитетіне ұсынылды. Олар Үкіметке жолдайтын болады. Ал облыс өз тарапынан 30 миллиардтық жобаға шама-шарқынша қолдау көрсетуге дайын.

Нұржан Жұмаділов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Егер Үкімет тарапынан көпірді салуға қаржы қарастырылатын болса, 90/10 схемасы бойынша 10 пайыздық қосымша қаржылай қолдау жағын ШҚО өз тарапымыздан қолдаймыз деп хат жолдадық. 90 пайызы республикалық бюджеттен, 10 пайызы облыстық бюджеттен бөлінген жағдайда, көпір осылай салынатын болады.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы