389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскемендегі қоқыс полигоны өртеніп жатыр

  • 188
  • UPD: 21:57, 23.09.2019

Өскемендегі қалалық қоқыс алаңы өртеніп жатыр.

Өрт сөндіру қызметінің мәліметі бойынша от өткен түні полигонның орта тұсынан басталған. Желдің күшеюі салдарынан лезде қарқын алып, облыс орталығының шығыс бөлігін қою түтін басты. Өрт сөндірушілер мен қаладағы коммуналдық мекемелер түгел жұмылғанмен, әзірге жалынның бетін қайтару қиынға соғып тұр.

Өскеменнің шығыс жағындағы тұрғындар соңғы бірнеше жыл көк түтіннен көз ашпай келеді. Ерте көктеммен қар жауғанға дейін қоқыс алаңы үнемі бықсып жанып жатады. Ал биыл жазда осымен екінші рет қатты өртенді. Бұл жолы қою түтіннен полигонның маңы мүлде көрінбейді.

Олжас Керейхан, тілші:

– Қоқыстың қазір барлық аумағы жанып жатыр. Сондықтан өрт сөндірушілер техниканы қоқыстың қала жақ бөлігіне шоғырландырып, арнайы белдеу жасап жатыр. Ал ұйтқи соққан боран қазір жағдайды одан әрі ушықтырып жіберді. Қаланың шығысындағы орман шаруашылығының бөлігі көк түтінге көміліп тұр.

Өртке қарсы қызмет мамандарының айтуынша, шамамен бір гектар аумақ тұтанып жатыр. Оқшаулауға да мүмкіндік жоқ. Сондықтан өрт сөндірушілер жалынның полигон аумағынан басқа жаққа тарамауына әрекетін жасап жүр.

Валентин Литвиненко, қалалық ТЖБ бөлім басшысы:

– Өрт сөндірушілердің негізгі міндеті – жалынның басқа аумаққа таралмауына күш салу. Әсіресе қоқыс полигонына жақын үйлерді өрт шалмауына күш салып жатырмыз.

Қаладағы барлық коммуналдық мекеменің техникасы да қоқыс маңына жұмылдырылды. Бірақ күшті жел ырық бермей тұр.

Жақсылық Омар, қала әкімі:

– Тиісті адамдардың барлығы жұмылдырылған. Қазірдің өзінде 30 техника 90-ға жуық адам өрт сөндірумен айналысып жатыр. Ауа райының қолайсыздығы нақты айтқанда желдің күшеюі не орай қазір өрт сөндіруде қиындықтар туып жатыр. Бірақ соған қарамастан, барлығы жұмылдырылған.

Қоқыстан шыққан қою түтін онсыз да эко ахуалы оңбай тұрған қаланың жағдайын тіпті қиындатып жіберді. Экологтар ауада күкіртсутек газы мен формальдегид қалыпты мөлшерден 5-10 есе көбейгенін айтады.

Елена Полянцева, облыстық экология департаментінің маманы:

– Бұл полигон өте ескі. 1950 жылдары салынған. Қазір тау болып үйілген қоқыстың тереңдігі қанша екені белгісіз. Сондықтан оның түбі жаз болса бықсып жана бастайды. Оны толық сөндіру мүмкін емес.

Экологтардың есебі бойынша қалалық полигонда қазір 7 миллион тонна қоқыс жиналған. Ал қоқыс өңдеу заутын салатын инвестор іздегелі де бірнеше жыл болды. Дегенмен ешбір қаржылық институт ықылас танытпағандықтан, енді зауытты мемлекеттік және жеке әріптестік негізінде салуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Олжас Керейхан, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы