389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандағы шетелдік көліктер қашан тіркеледі

  • 212
  • UPD: 21:59, 23.09.2019

Қазақстанда еуразиялық экономикалық одаққа мүше Ресей, Армения, Қырғызстанның көліктері қашан уақытша тіркеуге қойылады?

Бұл елдердің нөмірін таққан жүргізушілер жиі тәртіп бұзып, айыппұлдан жалтарып жүр. Жаман айтпай, жақсы жоқ, біреуді қағып қашып кетсе, табылуы екіталай. Өйткені, тіркелмеген. Кімнің көлігі екені белгісіз.

Көше бойы бұралаңдап бара жатқан мына бір көлік жүргізушісі жолдың қарсы бетіне шығып, алдыңғысы жүк көлігіне кіріп кеткен. Кінәлі оқиға орнынан қашып кетіп, екі күннен кейін бір-ақ ұсталды. Оны табу оңайға соқпады. Өйткені нөмір Ресейдікі. Қайда тіркелгені белгісіз.

Бала-шағасымен жол апатына түскен Аман Қалиев аман қалғандарына қуанады. Оның көлігін жөндеуге қазір 700 мың теңге қажет. Ол да қашып кеткен кісіні іздеп көріпті. Тіпті Ресейге сұрау салдыртқан.

Аман Қалиев, жәбірленуші:

– Бұл көлік Ресей базасынан табылды. Белгілі болғандай, ол 2016 жылы тіркеуден шығарылған. Бір қызығы, онда «ВАЗ 21-06» көлігі деп тұр. Оның қалай Қазақстанға өткені белгісіз.

Полицейлер күдіктіні камералар арқылы тапты. Ол 60-тағы қария екен. Тәртіп сақшыларының айтуынша, ереже бұзған шетелдік көліктерді іздеу – қиынның қиыны. Олар камераға түсіп қалса да, таба алмайсың, айыппұл сала алмайсың. Өйткені, ортақ база жоқ. 

Аман Мәтен, облыстық ПД іздестіру тобының инспекторы:

– Тек қана тоқтатқанда құжатын қарап, сонда толтырады. Электронды бойынша түскен айыппұлдар келе алмайды. Ондай біріңғай база жоқ та, иесі кім, кім жүргізген, оны анықтай алмаймыз.

Қазір Қазақстанда Ресей мен Арменияның көліктері қаптап кетті. Сол жақтан біреуін мініп келгендердің бірі – Ерік Мағамбетов. Оның айтуынша, адамдар арзан баға үшін барады.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің көлігін уақытша тіркеуге қоюды ұсынды. Бірақ бәрі адамның өзіне байланысты. Жүгенсіз жүргізуші біздің нөмірмен де біреуді қағып, қашып кетуі мүмкін.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы