388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысына қарасты Төлеби халқы көгілдір отынсыз қалды

  • 221
  • UPD: 22:36, 23.09.2019

Төлебиліктер көгілдір отынсыз қалды.

Түркістан облысына қарасты ауданның тұрғындары 5 күннен бері табиғи газсыз отыр. Себебі бірнеше ауылға баратын үлкен магистральді газ құбырынан ақау шыққан. Бұл туралы аймақтық «ҚазТрансГаз» мекемесі мәлімдеді.

Ал көгілдір отынның уақытша болса да тоқтатылатынын халыққа жергілікті әкімдік ескертпеген. Жұрт қазір сарайдағы қазан ошағы мен самаурынын сыртқа шығарып амалсыз жан бағуға көшті.

Нұрбек Байбосын, тілші:

– Төлебиліктер 5 күннен бері көгілдір отынсыз күн кешіп келеді. Табиғи газ бір емес, 7 ауылда бірдей өшкен. Тіпті жығылғанға жұдырық болғандай, кешегі күні біз тұрған Сұлтан Рабат елді мекенінде күні бойы жарық та болмапты. Халық әзірге бұл жағдайдың себебін түсінбей дал.

Сұлтан-Рабат елді мекенінде тұратын Жасур Төлеметовтың айтуынша, бір аптаға жуық көрген күніміз осы дейді. Газдың жоқ болғандығынан ауласындағы құрылыс жұмыстары да тоқтапты. Себебі құрылысшыларға 4 мезгіл тамақ берілуі қажет. Ал қазір кешкі асты отбасы мына сырттағы кішкентай қазанға дайындап ішуге мәжбүр болып отыр.

Жасур Төлеметов, Төлеби ауданының тұрғыны:

– Газ тоқтап еді, үйдегі құрылыс та тоқтады. Шомылу да қиын. Барлығын газға сеніп қалғанбыз. Енді қашан беретінін білмейміз. Күтіп отырмыз.

Ал Жасурдың көршісі Айбүбі апа газ тұрмақ, кеше күні бойы жарықтың берілмегендігін айтады. Тіпті шай ішуге зар болып қалдық, дейді кейуана.

Айбүбі Темірова, Төлеби ауданының тұрғыны:

– Не үшін сөнгенін де білмей қалдық. Ескерткен жоқ.

Газсыз қалған елді мекенге түсірілім жасап жатқанымызда ауданнан жауапты азаматтар ат басын бұрды. Айтуларынша, кешкісін газ берілетін көрінеді. Ақау орын алған жерде жұмыстар 5 күн бұрын емес, енді ғана басталыпты.

Руслан Рысбаев, Төлеби аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:

– 7 ауылға келетін негізгі газ құбырынан жер астында ақау орын алған. Оған байланысты бүгінде құрал-жабдық материалдары табылды. Бүгінгі күні жұмысын жасап жатырмыз. Қалпына келтірсек, әрі қарай «ҚазТрансАймақ» мекемесімен жұмыс жасаймыз.

Ал газ таратушы мекеме «ҚазТрансГаз» әкімдік құбырдағы ақауды қалпына келтіргенімен, осыған дейін далаға кеткен көгілдір отынның ақшасын өтемесе бірден газ берілмейді дейді. Қазір 1723 абонент пен 28 коммуналдық мекеме және де 2 ірі кәсіпорын газдан уақытша ажыратылған.

Айбек Ерғали, газ таратушы мекеменің бас инженері:

– Бұл газ құбырлары әкімшілік меншігінен тартылған. Бұл газ құбыры солардың есебінде болып табылады. Біз тек қана ішіндегі газды тасымалдаймыз. Бүгін 5 күнге кетіп отыр. Әкімдік тарапынан әлі қозғалыс жоқ. Әкімшілік жедел авариялық жұмысты іске асырса, біздің кеткен шығынымызды өтеп берсе, біз газ қосуға ақылдасып шешімін табамыз.

Әзірге газдың нақты қай уақытта қосылатындығын әкімдік дөп басып айта алмайды. Себебі далаға кеткен газдың шығыны қыруар қаржыны талап етеді. Ал халықтың күтуден басқа амалы жоқ.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов

Хабар 24 телеарнасы