389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында 84 мың көп балалы отбасының жартысынан астамы жәрдемақы алады

  • 242
  • UPD: 21:21, 24.09.2019

Жыл басынан бері Түркістан облысында 94 мың отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілді. Жалпы өңірде 84 мың көп балалы жанұя болса, соның 56 мыңы жәрдемақы алады.

Әлеуметтік көмек алып, өз ісін ашқандары да бар. Аймақта мұндай 5 мыңға жуық отбасы тұрады.

Ордабасылық Назым Назарова – көпбалалы ана. Осы уақытқа дейін жолдасының табысын қанағат тұтқан келіншек мемлекеттің көмегін пайдаланып, өз кәсібін ашуды ұйғарған. Сөйтіп өткен жылы «Өрлеу» бағдаралмасы арқылы 300 мың теңге алып, үйінен тігін цехын ашқан. Жұмысы жанданып, табысы арта түскен соң мұнымен шектелмей тағы да қосымша кәсіп ашуды көздейді. Содан әлеуметтік көмекке жүгініп, шаштараз ашады. Екі кәсіпті де қатар игерген іскер келіншек енді қасына ауылдың қолы бос қыз-келіншектерін жинап, ісмерлікке баулуда.

Назым Назарова, көп балалы ана:

- Шаштаразды да «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы арқылы 3 айлық курсын оқып келдім. «Шаштаразды да қосымша алып жүрсем болады» екен деп, «ары қарай енді үлкейтіп, қасыма ауылдың қыз-келіншектерін алсам, жұмыс көзі болса» деген мақсатта осыны қоса берсем, қоса берсем тірлігім алға жүретініне сенімдімін. 

Ал арыстық Айнұр Сындарқұлова – үш баланың анасы. Әлеуметтік көмек алғанға дейін үйінде балаларына қарап жұмыссыз отырған. Дені-қарны сау, істің көзін таба білетін келіншек «бұлай бос отырғаным жарамас» деп, тиісті құжат өткізіп, алғашқы қаржылай қолдауға ие болған. Алған ақшасына бірден іс бастап, қолөнерді кәсіпкерлікпен ұштастырған. Қазір Арыстың орталығынан жалға ғимарат алып, сыйлыққа қажетті заттарды дайындайды.

Айнұр Сындарқұлова, көп балалы ана:

- Қасыма екі сіңілімді алып алдым қазірше. Гүлдерді бірге істеп жатырмыз. Қазір шаруаларым жақсы жүріп жатыр. Құдай қаласа, дамытамын, қасыма қыздар аламын. Тұрғындар туған күн, тойға тапсырыс береді. 

Жалпы Түркістан облысында 84 мыңнан астам көп балалы отбасы бар. Бүгінгі күні соның 56 мыңы жәрдемақы алады. Әлеуметтік көмек алғандардың арасында кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз кәсібін ашқандары да бар. Олар өздерін ғана емес, өзгелерді де жұмыспен қамтып отыр.

Нұржан Нұрашев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы басшысының м.а.:

- Біз атаулы көмек бергенде тек қана қаржы берумен шектелмейміз. Олардың өздерін, отбасы мүшелерін жұмыспен қамтумен, өз ісін ашуға көмек беріп жатырмыз. Өңірде 5900-дей азамат өз ісін ашып, яғни жұмысын дөңгелетіп отыр. Оның 1800-дейі көп балалы отбасылар.

Биыл жыл басынан бері Түркістан облысында 27 мың отбасының мүшесі жұмысқа орналасқан. Ал 94 мың отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілген. Оларға 60 млрд теңге көлемінде қаржы бөлініп, бүгінге дейін соның 37 млрд игерілген.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы