389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында кәсіпкер тау бөктерін құлпынаймен көмкерді

  • 194
  • UPD: 23:45, 24.09.2019

Түркістан облысының Төле би ауданында тұратын Қанат Жиенбаев тау бөктеріне құлпынай өсіріп, оны табысты кәсіпке айналдырды. Алғашында тәжірибе ретінде жидектің көпжылдық көшетін еккен диқан қазір жарты гектардан астам алқаптан 3 тонна өнім жинайды.

Қанатқа құлпынай егу туралы кеңесті нағашы ағасы берген. Тек ақыл айтып қана қоймай алғашында қасында жүріп білгенін үйретіпті. Олар таудың етегіне жидектің «Қара ханзада» деген тұқымын жерсіндіреді. Құлпынайдың өнімі биылдың өзінде осымен үшінші рет терілуде. Тұқымның ерекшелігі көктемнен қара күзге дейін түйін салады. 

Қанат Жиенбаев, диқан:

- Суды көп қажет етеді. Екінші жағынан арам шөптен тазартып тұру керек. Шөп шығармау керек. Дәрі бермеймін. Таза, табиғи өнім. 

Жаздағы терімнен кейін құлпынайлардың алды қайтадан гүл ашып, түйін салғандары қызара бастады. Енді бірер күнде жаппай піседі. Осы кезде 14-15 ауылдасын жұмысқа алатын Қанат әрқайсысына күніне 2 мың 200 теңгеден ақы төлейді. 

Айгүл Жақыпбекова, жұмысшы:

- Ауылда тиімді. Қарап отырғаннан гөрі күнделікті ақшамызды тауып жүргенімізге өзіміз де қуаныштымыз. 

Төрт түліктің жайылымы  болған бұл жерлерге осы кезге дейін кетпеннің жүзі тиген емес, ағын су да келмейді. Диқандық кәсіпке кіріскен Қанат 56 метр тереңдіктен ұңғыма қазып, су шығарыпты. Егістігін тамшылатып суару әдісімен суғарады . Қанат Жиенбаевтың бұл кәсібін аудан әкімдігі өзге тұрғындарға да көрсетіп, пайдасын ұғындыруда.

Құттымұрат Тұрғынбаев, Төле би ауданы ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Осыны басқа да аудан тұрғындарына көрсетіп,  осындай өнім алуға болатынын көрсетіп жатырмыз. Күзге қарай  малина мен құлпынай егу жоспарланып отыр үй іргелік жерлерге. 

Төлебиліктер сондай-ақ тастақ жерге тамшылатып суғару арқылы жүзім егуге машықтанған. Биыл 18 мың дана көшет жүзімнен 40 тоннаға жуық өнім алған. Бұл жерде жүзімнің кишмиш, резамат, жеңіс, шаханат атты түрлері жерсіндірілген. жалпы ауданда 120 гектар аумаққа жүзім егілген. 

Нұржан Әбдуқайымов, агроном:

- Басқа жүзімге қарағанда, мысалы дамский пальчик олар сазға өседі де ал біз еккен жүзімдер тастаққа өсетін сортты жүзімдер. Алдағы уақытта мына 9 гектарға пасинка қойылып, соған жұмыс істеп жатырмыз. 

Әкімдік бұл «жер емген диқанға» алдағы уақытта қосымша жер бермек. Ендігі мақсат алқаптарды тамшылатып суғару жүйесіне бағыттау қажет дейді ауылшаруашылығына жауапты мамандар.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов

Хабар 24 телеарнасы