389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралдан ежелгі сармат әйелдің сүйегі табылды

  • 219
  • UPD: 00:21, 25.09.2019

Оралдық археологтар жаңа аудандардың жобасын жасамас бұрын археологиялық барлау жұмыстарын жүргізуді міндеттеуді сұрап отыр. Өйткені өңірде түрлі құрылыс кезінде көне қорым-қорғандардың орны жиі табылып жүр. Жуырда Деркөл шағын ауданының тұрғыны гараж салу кезінде біздің дәуірімізге дейінгі 3-4 ғасырға тиесілі сармат әйелінің сүйегін тапқан.

Данат Бекеев Деркөл шағын ауданынан 2011 жылы саяжай сатып алған еді. Былтыр үй тұрғызса, биыл гараж құрылысын бастаған болатын. 5 те 8 метр қылып іргетасын құйған соң ортасынан көлік жөндеуге қажетті ұра қазуға кіріскен. Алайда метр жарым тереңдіктен соң күректің жүзі сүйекке тиіпті.

Данат Бекеев, Орал қаласының тұрғыны:

- Әуелі шошып кеттік бас сүйек шыққанда. Дереу полиция шақырттық. Археологтарға хабар бердік. Солар келіп қазды. Енді қайта көміп жатырмыз. Содан соң молда алдыртып, құран оқытпақпын. Гараждың ішінен шұңқыр жасамайтын болдым.

Үй иесі сүйектер 20-ғасыр басындағы ақ пен қызылдар қырғынынан қалған шығар деп болжаған. Бірақ мамандар жерлеу орыны біздің заманымызға дейінгі 3 ғасырдан қалған деп топшылап отыр. Саздан жабыстырып жасаған құмыра қалдықтары әдетте ерте темір дәуіріне тиесілі қорымдарға тән екен.

Яна Лұқпанова, археолог:

- Ол жердегі екінші зираттан егде жастағы сармат әйелінің сүйегін таптық. Салт атты түрінде жүзі оңтүстік батысқа қаратып жерленген. Етігі түрлі моншақтармен әшекейленген. Әлі де зерттейміз материалдарды. Бір қызығы сол маңда тағы да қорымдар болуы мүмкін. Себебі көрші әйел келіп, үйінің астында шұңқыр бар екенін, мысығының соған түсіп, сағаттап жоқ боп кететінін айтты. Оған тағы барамыз.

Мамандардың пайымдауынша, бұл жерде бұрын обалар болған. Алайда 60-жылдары жоғары кернеулі электр желісін жүргізгенде барлығын бульдозермен тегістеп, тып-типыл қылған. Мұндай көне қорымдар шаһарда  көптеп кездеседі екен. Көп жағдайда ежелгі жерлеу орындарына тап болғандар құрылысты тоқтатқысы келмей, әрі қағазбастылықтан қашып сүйектерден үн-түнсіз құтылады екен. 

Жантас Сафуллин, БҚО Археология орталығының директоры:

- Бізге мысалы көптеген деректер келіп жатыр. Адамдар хабарласты. Мысалы Зашаған ауылында адамдардың өзінің үйінің аумағынан адам сүйегі табылған. Оны да барып қазып қараған кезде сармат кезеңіне жататыны анықталды. Мұның барлығы болашақта бүкіл жұмыстың барлығын құрылысты бастаған кезде археологиялық барлау жұмыстарды  жолға қою керекпіз. Егер осыны жолға жүйелі қоя алсақ бұрынғы біздің тарихымызға қатысты дерек көздерін алып қалуға мүмкіншілігіміз бар.

Іргелі құрылыстарды жоспарлап, жаңа аудандардың жобасын жасақтаған кезде археологиялық барлау жұмыстарын заңмен міндеттеу  керек. Мамандар билік басындағыларға осыны ұсынып отыр.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Р. Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы