389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысы баламалы электр қуатын өндіруден көш бастап тұр

  • 159
  • UPD: 11:48, 25.09.2019

Қарағанды облысының Ақадыр кентінде тағы бір күн станциясы іске қосылды.

Әзірге кенді өңір баламалы электр қуатын өндіруден еліміз бойынша көш бастап тұр. Бұл – соңғы екі жылда аймақта ашылған осымен үшінші нысан. Барлығы шетелдік инвесторлардың қаржысына салыныпты. Мамандардың айтуынша, үш станция жылына 190 мегаватт электр энергиясын өндіреді. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл Қарағанды қаласының 70 процентін тоқ көзімен қамтуға жеткілікті. Енді алдағы бірер жылда облыста тағы бірнеше жоба жүзеге аспақ. Жергілікті әкімдік еуропалық инвесторлармен құны 500 миллион еуро болатын екіжақты келісімге қол қойды. Осы құжат негізінде Германия кәсіпкерлері баламалы қуат көзін өндіретін станция құрылысына қаржы құймақшы. Ең бастысы, тұрғындар үшін тариф сақталады.

Алмас Айдаров, облыс әкімінің орынбасары:

– Халық үшін оның айырмашылығы болмайды. Өйткені баламалы көздер жалпы желіге қосылады, қуатын жібереді. Қуаттылығын тек біз емес, Қазақстанның басқа облыстары да қолдана алады. Бірақ тұтынушы үшін баламалы болсын, көмір станциясы болсын, электр қуатының бағасы бірдей болады. Оның айырмашылығын Үкімет арнайы квота арқылы жабады.

Хабар 24 телеарнасы