389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда «Қамқорлық» айлығы аясында 13 мыңға жуық адамға көмек көрсетіледі

  • 205
Павлодарда «Қамқорлық» айлығы аясында 13 мыңға жуық адамға көмек көрсетіледі

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мұрындық болуымен «Қамқорлық» қайырымдылық айлығы басталды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz

Жыл сайын ұйымдастырылып отыратын қайырымдылық айлығы биыл 23 қыркүйек – 23 қазан аралығында өтеді. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Лариса Кузьменконың айтуынша, акция барысында аз қамтылған және жалғызбасты қарт азаматтар, мүмкіндігі шектеулі адамдар, көп балалы отбасыларға көмек көрсетіледі.  

«Барлық азаматтық қоғамды, кәсіпкерлерді, ірі кәсіпорындардың басшылары мен жеке кәсіпкерлерді мұқтаж адамдарға назар аударып, қамқорлық танытуға шақырамыз», – дейді Лариса Кузьменко.

Бөлім ұсынған мәліметке сүйенсек, қалалық бюджеттен Қарттар күні мен Мүгедектер күнін мерекелеу шеңберінде 13 мыңға жуық мұқтаж адамға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Мүмкіндігі шектеулі балаларға – 5808 теңге, ең төменгі мөлшерде зейнетақы алатын зейнеткерлерге  – 3030 теңге және ең төменгі мөлшерде зейнетақы алатын 80 жастан асқан зейнеткерлерге 7323 теңге көлемінде біржолғы көмек төленеді.

«Мұқтаж адамдар ең алдымен халықты әлеуметтік қорғау мекемесіне жүгінеді», – дейді бөлім басшысының орынбасары.

Қазір қысқы кезеңде кейбір адамдар отын, енді бірі материалдық қолдау көрсетуді сұрайды. Сондықтан қол ұшын тигіземін дейтін азаматтар үшін қалалық ардагерлер кеңесі жанында жедел желі жұмыс істейді. Сонымен қатар, Кривенко көшесі, 25 мекенжайы бойынша 327-кабинетке, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгінуге болады.

Айта кетейік, 1 қазан – Қарттар күні мерекесінде зейнеткерлерге қоғамдық көлікпен жүру тегін.

Хабар 24 телеарнасы