389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада нан өнімдерінің құрамындағы тұз мөлшері азайтыла бастады

  • 245
  • UPD: 10:37, 03.10.2019
Елордада нан өнімдерінің құрамындағы тұз мөлшері азайтыла бастады

Елордадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің нан өнімдерін өндіру жөніндегі эксперименталдық-өндірістік цехы тұзы аз мөлшердегі нан өнімдерін өндіре бастады.

«Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Ынтымақтастықтың негізгі бағыты -салауатты тамақтану мәдениетін қалыптастыру, жастардың денсаулығын нығайту мақсатында тұз мөлшерін азайту бойынша нан-тоқаш өнімдерінің рецептурасын өзгерту.

Орталық бұл бастаманы басқа да нан-тоқаш өнімдерін өндірушілер қолдайды деп жоспарлап отыр.

«Қазіргі уақытта біздің орталық «Нұр-Отан» партиясының астанадағы филиалымен бірге нандағы тұз мөлшерін азайту бойынша ірі нан-тоқаш өндірушілерімен жұмысты бастады. Ірі өндірушілерден бөлек, аталмыш акцияға кішігірім наубайханалар да қосылуға ниет білдіруде», - деді Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Руслан Сатывалдеев.

Тұзды жоғары тұтыну семіздік, ІІ типті қант диабеті және онкологиялық аурулардың кейбір түрлері, артериялық гипертензия, инсульт, инфаркті қоса алғанда жүрек-қан тамырлары аурулары сияқты созылмалы инфекциялық емес аурулардың дамуына әкеп соғады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген соңғы зерттеулердің нәтижелері бойынша Қазақстанда тұзды тұтыну әлемдегі ең жоғары деңгейде және ДДҰ ұсынған тәуліктік дозадан 3 еседен артық, яғни тәулігіне 17 грамм. Негізінен күніне 5 грамм тұзды тұтыну керек.

Мамандардың айтуынша, тағам өнімдеріндегі тұздың мөлшерін азайтуды жаппай тұтыну өнімі ретінде наннан бастау неғұрлым тиімді болып отыр.

Хабар 24 телеарнасы