386,20 429,31 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада 50-ден астам қосымша ұялы байланыс станциясы орнатылады

  • 290
  • UPD: 19:19, 25.09.2019
Елордада 50-ден астам қосымша ұялы байланыс станциясы орнатылады

Бүгін елордада ұялы байланыс сапасын жақсарту жөніндегі Жол картасына ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қол қойды.

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде Нұр-Сұлтан қаласы аумағында байланыс сапасын арттыру үшін 50-ден астам қосымша базалық станция орнату көзделген. Бұдан басқа, ұялы байланыс операторларының базалық станцияларын бекітуге арналған антенналық діңгектер орнату бойынша да пилоттық жоба іске асырылуда.

«Ұялы байланыстың сапасы базалық станциялардың орналасу орны мен тығыздығына тікелей байланысты. Негізінен, мәселелер осындай антенналардың жетіспеушілігінен туындайды. Операторлар кей жағдайларда оларды өздігінен орната алмайды, себебі режимдік объектілерге орнатуға тыйым салынған, ал тұрғын үйлерге орнатуға тұрғындар қарсылық білдіріп жатады. Сондықтан, әкімдікпен бірлесіп арнайы діңгектер орнату пилоттық жобасын жүзеге асыруды қолға алдық. Бұл базалық станциялар санын арттыру есебінен байланыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Асқар Жұмағалиев.

«Жыл соңына дейін сигнал қабылдау деңгейі төмен немесе тұрақсыз аудандарда базалық станцияларды орнату үшін қосымша 20 орын белгіленеді. Оның ішінде 5 діңгектің құрылысы жеке инвестициялар есебінен салынады. Біз үшін бұл жобаның маңызы зор. Елорда тұрғындарының сапалы ұялы байланысқа тең дәрежеде қол жеткізуін қалаймыз», - деді өз сөзінде қала әкімі Алтай Көлгінов.

Айта кетерлік жайт, Министрлік өткен жылы Щучье-Бурабай курорттық аймағында байланыс сапасын жақсарту үшін Ақмола облысының әкімдігімен бірге осындай жобаны жүзеге асырып, байланыс операторлары биіктігі 35 метрлік діңгектерге өздерінің базалық станцияларын орналастырды. Бұл барлығы үшін тиімді жоба болды: әкімдік пен азаматтар сапалы ұялы байланысқа қол жеткізсе, байланыс операторлары қызмет көрсету аймағын кеңейтті.

Хабар 24 телеарнасы