389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыдағы №4 аурухананың бас дәрігері ешқайда кетпеу туралы шартпен босатылды

  • 185
  • UPD: 23:05, 25.09.2019

Алматыдағы №4 қалалық-клиникалық аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаев ешқайда кетпеу туралы шартпен тергеу изоляторынан босатылды.

Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады. Бұған дейін бас дәрігер Қанат Тезекбаев пен анестезиолог-дәрігер Асқар Тұңғышбаев екі айға қамауға алынған еді. Олар Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлімі, яғни медицина немесе фармацевтика қызметкерінің абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекеттері үшін күдікті ретінде ұсталған.

Бүгін қалалық соттың Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы алғашқы сот инстанциясы қаулысының күшін жойды. Дәрігерлер Алматы қаласы Полиция департаменті басшысы ұлының өлімінен кейін тергеуге алынған.

Естеріңізге сала кетейік, ол тамыз айының соңында Германияда көз жұмған еді. Оған дейін марқұмға жол апатынан кейін жергілікті ауруханада операция жасалған. Осы іске байланысты дәрігер Қанат Тезекбаевтың жұбайы Дина Тезекбаева президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашық хат жолдаған болатын. Бұл мәселеге қатысты Тезекбаев пен Тұңғышбаевтың әріптестері қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты.

Жанар Мәдиева, қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының м.а.:

- Құқық қорғау органдарының тергеу іс-шаралараның жүргізуіне байланысты Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы тергеу жүргізу кезеңінде түсініктеме бере алмайды.

Хабар 24 телеарнасы