389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлыбританияда тұратын отандастардың қатысуымен бизнес-форум өтті

  • 144
  • UPD: 23:07, 25.09.2019

Ұлыбританиядағы Қазақ диаспорасы өкілдерімен іскерлік қарым-қатынас орнайды.

«Отандастар» қорының өкілдері Тұманды Альбионда тұратын қандастарымызбен бизнес-форумда кездесіп, әріптестіктің пайдалы тұстарын ақылдасты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейбір мәліметтер бойынша Біріккен Корольдікте 50-дей қазақ отбасы тұрады. Көпшілігі қым-қуыт заманда тағдырдың тәлкегіне ұшырап, Алтай өңірінен Түркияға, одан соң Ұлыбританияға көшіп келгендер. Тәуелсіздік күні, Наурыз, Айт сияқты мерекелерде бас қосып тұрады. Өзге ұлтпен емес, өз қазағымен құда-жекжат болуға тырысады. Бірақ өкінішке орай, барлығына ортақ мәселе – қазақ тілі. Аға буын өзара қазақша сөйлескенімен, ұл-қыздары түрікше және ағылшынша түсініседі.

Исмаил Кесижи, диаспора өкілі:

Сақтап келе жатырмыз, мәдениетімізді болсын, қазақшылығымызды болсын. Бірақ тіл кетсе, бөтен болып кетесің. Ең үлкен мәселе тіл проблемасы. Отбасыларда, енді біз екінші буын болсақ, бізден кейінгі екінші, үшінші буындарда үйлерінде қазақ тілінде сөйлеу бітіп кетті. Бітіп бара жатыр емес, бітіп кетті. Соны қайта жаңғырту керек. Бүйте берсек ертең Еуропадағы қазақтардың ортақ тілі түрік тілі болып кетеді.

«Отандастар» қоры өкілдерінің айтуынша, қазақ тілін оқыту бойынша шетелдерде білім инфрақұрылымы жасақталатын болады. Яғни, алыстан оқытатын интерактивті кластар ашылып, мобильді қосымшалар жасалмақ. Форумда сондай-ақ әлем бойынша іскерлік үйлер мен мәдени орталықтар желісін құрып, оны Қазақ мәдени-іскерлік үйі шаңырағы астына біріктіру мәселесі көтерілді. Қандастарымыздың бизнес-бастамалары ынталандырылып, стартаптары қолдауға ие болмақ.

Мағауия Сарбасов, «Отандастар» қорының вице-президенті:

- Қазіргі кезде «Отандастар» қоры көптеген еліміздегі қаржы институттарымен қоян-қолтық жұмыс істеп жатыр. Оның барлығы шетелдегі бауырларымызды қолдауға бағытталған. Оларды қолдап немесе елімізге оралған қандастарымызды бейімдеуге жәрдемдесу, ол жәрдемдесу тетіктерінің бірі оларға жұмыс орнын табу.

Лондондағы бизнес-форум Мюнхен, Сан-Франциско және Ыстамбұл қалаларындағы кездесулерден кейінгі төртінші іс-шара. Келесі аялдама Стокгольм болмақ. Ал қараша айында Түркістан қаласында өтетін отандастардың бірінші форумы шартараптағы қазақтардың басын қоспақ.

Авторлары: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы