389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Волонтерліктің қазақтың асар дәстүрімен ұқсас тұстары көп

  • 251
  • UPD: 11:27, 26.09.2019

Ерікті болу - ермек пе, әлде еңбек пе? Келер жыл елімізде «волонтерлар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осыған байланысты жергілікті волонтерлік желілердің бүгінгі қарқыны қандай? Қай өңірлерде дамып, қайсысында кенжелеп тұр?

Әбілмансұр - Қазақ ұлттық өнер колледжінің 1-курс студенті. Болашақ актер. Бірыңғай балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жас Ұлан» еріктілер ұйымына осыдан 2 жыл бұрын келген. Бүгінде 7 әлеуметтік бағыттың бірі «Отан» бағдары бойынша үйлестіруші болып қызмет етеді. Халықпен бірге жүргенді ұнатамын, дейді 16 жасар студент.

Әбілмансұр Шәкір, ерікті:

- Кез келген адам ерікті бола алады. Өйткені ерікті ол жұмыс емес, ол сенің ішкі жан дүниеңдегі жақсылық. Ол жақсылық жалғыз бір адамға ғана тиесілі емес, ол жақсылықты сені қоршап жатқан адамдармен бөлісу ретінде қабылдаймыз. Ең басты үндеу айтарым, жақсылық жасаудан ерінбеңіздер. Өйткені жақсылықтың артында айтып келетін жақсылығы болады. Және де 2020 жыл еріктілер жылы боп аталды. Соған қазақстанда тұратын әрбір жасөспірім баланы ерікті болуға шақырамын. 

Ал Қасиетәлі есімді болашақ мұғалімнің айтуынша, ерікті болу үшін өзгенің дайын әлеуметтік жобасын күту - міндет емес. Әрбір волонтер өз еркімен әлеуметтік жоба жоспарын дайындап, бағдарламаны жүзеге асыруға демеуші бола алатын меценаттардың назарын қоғамдық мәселеге аудара алады. Бұл салада қатып қалған ереже жоқ, дейді елордалық ерікті.

Қасиетәлі құдайберген, ерікті:

- Осы экологияға байланысты мысалға бізде Жас Ұланда инстаграм-челлендж бар. Біз қоқыс жатқан жерді тазалаймыз. Инстаграмға саламыз, лас кезіндегі суретін, тазартқаннан кейінгі суретін саламыз. Жас Ұлан ұйымына келгелі өзімді еркін сезіне бастадым. Жаңа достар пайда болды дегендей. Сол жастарға да өзімнің үндеуім бар. Келіңіздер. Көріңіздер.

Ұлттық еріктілер желісінің атқарушы директоры Татьяна Миронюктің айтуынша, волонтерлік бағыт-бағдар бүгінде әр саланы қамтиды. Оның ішіндегі негізгілері экологиялық, мәдени және әлеуметтік бағыттар. Мәселен, мүгедектерге жәрдемдесу жобалары бойынша Ақтөбе мен Шығыс Қазақстан облыстары көш ілгері, дейді маман.

Татьяна Миронюк, «ҚР Ұлттық еріктілер желісі» ЗТБ атқарушы директоры:

- Өз еркімен, өтеусіз, қоғамға пайдалы іспен айналысу. Бірақ, артық қыламын деп тыртық қылмау. Міне, нағыз волонтерді осы ұстанымдары арқылы тануға болады. Волонтер болудың тарихына қысқаша тоқталатын болсақ, алысқа барудың қажеті шамалы. Қазақ халқында асар деген керемет дәстүр бар. Белгілі бір көмекке мұқтаж адамдарға ауылдастары жұдырықша жұмылып, өтеусіз жәрдемдескен. Бүгінгі күні волонтерлік деген заманауи атау алғаны болмаса, түпкі мақсаты бір. Ерікті болғысы келетін әрбір азамат волонтер.кз сайтына өтіп, онлайн тіркеле алады.

Әлеуметтік мәселенің шешілуіне үлес қосу, жаңа достар табу, біліктілікті арттыру, мансап жолын реттеу, шет тілін шыңдау, оқу орындарындағы жеңілдіктерге ие болу, әлеуметтік студенттік кредит, отбасына қатысты ортақ құқықты қорғау. Еріктілер ұстанатын басты мақсат-мүдделер осындай. Волонтер белгілі бір науқандарға ерікті болып қатысқанын куәландыратын құжатты жұмысқа тұрарда да көрсетсе болады, дейді сала мамандары.

Татьяна Миронюк, «ҚР Ұлттық еріктілер желісі» ЗТБ атқарушы директоры:

- «Волонтерлік қызмет туралы» заң 2016 жылдың желтоқсан айында қабылданды. Және оны кемшіліксіз деп айта алмаймын. Меніңше, ешбір елде мінсіз заң жоқ шығар. Сол сияқты, бұл заңды да жаңғыртқан дұрыс деп ойлаймын. Өйткені бүгінде жаһандағы өзгерістердің жылдамдығы соншалық, кейбір заңдар шыққан бойда өзектілігін жоғалтып жатады. Сондықтан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты Азаматтық қоғам істері комитеті осы мәселені қолға алса деймін. 

Биыл 40-қа жуық мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар волонтерлік қызметке бағытталған. Жалпы «волонтер жылы» адами капиталды дамытуға арналған. Бірақ бүгінде азаматтарды ерікті болуға ынталандыратын жүйе жоқтың қасы, дейді Ирина Немцан. 

Ирина Немцан, қоғамдық қор жобаларының жетекшісі:

- Мәселен, мектеп оқушылары үшін ерікті болуға болады. Оларға бос уақыт бөлініп, грант иегері атану мүмкіндігі берілсе ше. Немесе жас мамандар халықаралық тағылымдамадан өтіп, біліктілігін арттыру құқына ие болса ғой. Міне егер биылдан қалмай елімізде осы сынды жүйе енгізілсе, меніңше, бұдан барлық тарап ұтады. 

Көне дәстүрімізде асарлықтар, Кеңес одағы кезінде «тимурлықтар» болды. Ал 18-19 ғасырларда кәрі құрлықта «ерікті» деп өз еркімен майданға аттанған сарбазды атаған. Әскери саладан тыс алып қарайтын болсақ, тұңғыш рет волонтер ұғымы 1630 жылы пайда болған. Бүгінде игі іспен әлем бойынша бірнеше миллиондаған адам айналысады.

Авторлары: Мейірлан Алтынбек, Нұрғали Мамурбаев

Хабар 24 телеарнасы