389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан-Ресей шекарасынан өту ережесі өзгерді

  • 188
  • UPD: 18:39, 26.09.2019
Қазақстан-Ресей шекарасынан өту ережесі өзгерді Zakon.kz

Қазақстан мен Ресей шекарасы маңындағы тұрғындар кеден арқылы жаяу немесе көлікпен өтерде жеке басты куәландыратын құжатын немесе тұрғылықты мекенжай анықтамасын көрсетсе жетіп жатыр.

Бірақ тасымалдайтын жүгінің салмағы 25 келіден және жүк құны 500 еуродан аспауы керек. Салмақ 25 келіден артық болса, қосымша баж салығын төлеуге тура келеді. Бұл талап қос тарапқа да ортақ. Бүгін Парламент Сенатының пленарлық отырысында депутаттар осындай заң жобасын қабылдады. Жалпы Қазақстан-Ресей шекарасында 51 ресми бақылау өткізу бекеті бар. Оның 30-ы көлік, 20-сы теміржол және біреуі өзен арқылы өтетін пункттер.

Марат Сыздықов, ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары:

– Келісім Қазақстан мен Ресей шекарасындағы 105 бақылау өткізу бекетін қамтиды. Мәселен, тәулігіне кедендік бекеттен мыңнан астам адам өтеді. Жалпы екі ел арасындағы жүйе өзге елдерде жоқ десем болады. Көршілес мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың стратегиялық сипатқа ие екенін осыдан-ақ байқауға болады. Шекара маңындағы тұрғындар үшін ресейлік аудан мен облыс орталықтарына жету жергілікті орталықтардан әлдеқайда тез. Қос ел азаматтары арасындағы туыстық қарым-қатынасты да ескерген жөн.

Сенаторлар мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және агроөнеркәсіп кешенін реттеу мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын қарады. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингіне қатысты экономикалық мәселе кезең-кезеңмен шешіліп келеді. Бұл мақсатта өңірлердегі еншілес кәсіпорындарды жабу арқылы шамамен 3 млрд 200 млн теңге үнемделмек. Министр диқандардың астық шығынын өтеу мәселесін де айтып қалды.

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– Шаруа қожалық иелері 301 гектарға 300 теңгеден төлейді. Ал егер астық күйіп кеткен жағдайда ол 1 тоннасына 3 мың теңгені ғана алады. Бұл олардың шығарған шығынын жаппайды. Бүгінгі есебіміз бойынша 1 гектарға 1400 теңгеден салу керек болады. Егер астығы күйіп кеткен жағдайда ол 28 мыңнан 30 мыңға дейін теңге компенсация алады.

Хабар 24 телеарнасы