389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тәулік бойы оnline: Ақтөбелік полицейлер ұялы телефон нөмірлерімен бөлісуге дайын

  • 191
  • UPD: 20:40, 26.09.2019

Ақтөбелік полицейлер де жаңа технологияны барынша тиімді пайдалануға тырысып келеді.

Таяу уақытта өз қызметі мен жеке басын таныстырған учаскелік инспекторлардың бейнежазбалары әлеуметтік желілерде жарияланбақ. Тіпті тәртіп сақшылары ұялы телефон нөмірлерімен де бөлісуге дайын. Осылайша, тәуліктің кез келген уақытында тұрғындардың арыз-шағымын қабылдап, жедел әрекет етпек.

Бұл ғаламтор желісі арқылы тұрғындарға таныстырылатын учаскелік инспекторлардың бірі – Нұрғали Якупов. Тәжірибелі тәртіп сақшысы бүгін де қаланың сүт зауыты ауданындағы №3 полиция пунктінде қызмет етеді. Он жылға жуық еңбек өтілі барысында талай қылмыстың жолын кесіп, тіркелген істердің бетін ашқан. Өзі жауапты аумақтың тәртібі мен қауіпсіздігі әрдайым басты назарында.

Нұрғали Якупов, учаскелік инспектор:

– Автокөлігін үй аулаларына қою және үй ұрлықтары бойынша үш қылмысты аштық. Ол адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Және жиі кездесетіні – жанұялық жанжал.

Бұл бекетте Нұрғалиден өзге тағы үш инспектор бар. Барлығы да аумақтағы жеті жарым мың тұрғын мен үйлердің және бау-бақша ұжымдарының қауіпсіздігіне жауапты. Адамдармен тығыз қарым-қатынаста. Әрдайым байланысып, олардың шағымдарына орай дереу әрекет етіп келеді.

Галина Дуля, қала тұрғыны:

– Әрдайым аулаларды аралап, тәртіпті бақылап отырады. Тыныштық, тұрақтылықтың болғаны бәрімізге жақсы. Бұл жігіттердің жұмыстарына ризамын. Айтар ешқандай шағымым жоқ. Істеріне сәттілік тілеймін.

Қазір полиция қызметкерлері тұрғындармен етене араласуға кіріскен. Бұл республика көлемінде жүріп жатқан «Участок» – алдын алу шарасының бір мақсаты. Оның аясында, ақтөбелік инспекторлар туралы мәліметтер ғаламторда жарияланбақ. Бұл – ел бойынша іске асқалы отырған тұңғыш жоба.

Азамат Құрымбаев, облыстық ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

– Интернет-ресурстар арқылы азаматтарға ыңғайлы болуы үшін учаскелік инспекторлар туралы ақпарат орналастырылады. Олар халыққа өздері туралы мәліметтерді, қызмет көрсететін аумақтық шекараларын, сондай-ақ полиция бөлімшелерінің байланыс деректерін және кез-келген уақытта азаматтар өздерінің қызықтыратын мәселелер бойынша байланыса алатын жеке ұялы телефон нөмерлерін хабарлайды.

Бүгінде облыс бойынша 300-ден астам инспектор қызмет етуде. Олардың жартысына жуығы Ақтөбеде әр аумағындағы қауіпсіздіктің сақталуына жауапты.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы