389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да жолдың жыры қашан бітеді

  • 185
  • UPD: 20:43, 26.09.2019

Солтүстік Қазақстан облысындағы Есіл ауданының тұрғындары жүк көліктерінің нөпіріне наразы.

Олардың айтуынша, Өрнек ауылындағы кен орнынан қиыршық тас таситын техника атаулы жаңадан төселген асфальттың тас-талқанын шығарған. Жергілікті жұрт жол осымен екінші рет жөнделіп, қыруар қаржы желге ұшты, деп қынжылады.

Пакровка мен Өрнек ауылдарының арасы – 50 шақырымдай. Жол жеткізбейді.

Ғазиз Ахметов, Өрнек ауылының тұрғыны:

– Жүк көліктері осы жолды бүлдірді. Ешкім қарамайды.

Ғазиз тұратын Өрнек ауылында қиыршық тас кен орны орналасқан.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

– 2017 жылы Ильинка ауылына дейінгі 5 шақырымды жөндеуге ел қазынасынан 178 млн теңге бөлінген. Жолдың бүгінгі жағдайы міне осындай. Шұрық тесік, ойдым-ойдым. Бұл жерде екі сұрақ пайда болады. Біріншісі, жол сапасыз жөнделді ме? Әлде ауыр жүк көліктері ме?

Бір қызығы, бұл бес шақырым бір емес, бірнеше рет жөнделген. Пакровка мен Ильинка ауылдары арасындағы алақандай аумаққа 350 млн теңге жұмсалған. Енді тағы жөндеу керек. Бұл жолы күрделі, дейді мамандар.

Даурен Сағындықов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысының м.а:

– Қазір күрделі жөндеудің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Бір шақырым жолға 120 млн теңге қажет. Жоспар – 28 шақырымды жөндеу. Сондықтан бұл аумақты кезең-кезеңмен істейміз.

Жүк көліктерін көліктік бақылау инспекторлары тоқтатып тексереді. Салмағы асса, айыппұл. Оларды онлайн камералар қадағалайды.

Рустам Менлібеков, облыстық көліктік бақылау инспекциясының бас маманы:

– Көлік комитеті ахуалдық орталық әрдайым онлайн жүйесінде қарап отырады. Автокөлік тоқтатуын, олардың салмақтарын, тексеріп, құжаттарын онлайн камералары арқылы қадағалап отырады.

Көліктік бақылау инспекторлары тұрғындардың арыз-шағымы бойынша да рейдтер ұйымдастырады. Бірақ дер кезінде шыға алмайды. Қолдарында екі-ақ көлік бар.

Жыл басынан бері салмағы артқан ауыр жүк көліктерінің жүргізушілеріне 15 млн теңге айыппұл салынған. Бірақ олардың зияны одан да көп. Бір шақырым жолды орташа жөндеуге ғана 35 млн теңге кетеді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы