389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Орал тұрғындары қоқыс полигонынан тараған улы түтіннен зардап шегуде

  • 180
  • UPD: 08:28, 27.09.2019

Оралда қатты тұрмыстық қалдықтар төгілетін полигонның жиі өртенуі салдарынан 50 мыңдай тұрғын жапа шегіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

1975 жылы салынған бұл орын қаладан небары 4 шақырымдай жерде орналасқан. Бұл қашықтық санитарлық нормаларға сай келгенімен, қаладан шығарылатын күл-қоқысты өңдеп, сақтау талаптары орындалмай отыр. 25 жылға есептелген полигонның пайдалану мерзімі әлдеқашан өткен. Улы түтіннен әбден зәрезап болған тұрғындардың зарын сол өңірдегі тілшіміз тыңдап қайтты.

Ауаға тарайтын қою түтіннен қаланың, әсіресе, Зачаган аталатын аумағы көбірек зиян шегеді. Бұл шағынаудандағы халық саны қазір 50 мыңға жуық. Желдің ыңғайына қарай улы түтіннің иісі кейде қаланың орталық бөлігіне дейін жетіп жүр.

Блиц 1:

- Билік қайда қарап отыр? Полигонды көшірсін! Балаларға зиян, олардың өкпесі әлі жетілген жоқ, түтін деген темекінің өзі жаман, мұнда бірнеше қалдықтар бар, тек қана түтін емес қой онда.

Блиц 2:

- Біздің Зачаган кентінің Балауса шағынауданы тұрғынары, әрине, біз түтіннен көз ашпаймыз. Кірдің бәрі, терезенің бәрі тұтып қалады. Кеш болса сыртқа шығуға жағдай жоқ. Үкіметтен сұрайтынымыз – полигонды көшірсе екен. Болашағымыз балалар, солардың денсаулығын ойлау керек қо, өзімізден кейінгі.

Айта кету керек, қаладан күніне 250 тоннаға тарта тұрмыстық қалдықтар шығарылады. Мамандар қоқыстардың төменгі қабаты өздігінен тұтанып, ауаға улы газ тарайтынын айтады. Бұған дейін нысан бірнеше рет жергілікті компанияларға сенімгерлік басқару құқығымен берілгенімен, түйткілдің түйіні тарқамай қойды. Қазір полигонды игеруге тартылған фин кәсіпкерлері пластик бұйымдарды өңдеуге кіріскен. Қоршаған ортаны қорғауға жауапты мекемелердің қолынан бар келетіні кәсіпорынға айыппұл салу ғана.

Сырым Тілегенов, облыстық экология департаментінің бөлім басшысы:

- Алғашқы тексеріс бойынша 50 мың, соңғы тексеріс бойынша 101 мың теңге айыппұл салынып, аталған бұзушылықты жою бойынша нұсқама беріледі. Полигонның көлемін рекультивация жүргізу мәселесі көтерілді. Бірақ ол әлі жиналыс толығымен аяқталған жоқ. Сол мәселені полигонды толық рекультивация жасау мәселесі қойылып отыр.

Орынбасар Бисенғалиев, қалалыҚ ТКШ және Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы:

- Онда қазір сұрыптау зауыты салынды. Сонда жұмыстар жүргізілуде. Бірақ енді полигон өзінің қызметін толықтай атқарды деуге болады. Қазір бізде жоба қосымша жасақталып жатыр, одан әрі қарай Белес ауылы бағытында сол жерге жаңа қоқыс полигонын орналастыру жалпы жоспарда бар. Ол енді мақсатты қаржы бөлінген жағдайда жүзеге асырылатын болады.

Қазір жаңа полигонның техникалық-экономикалық негіздемесі жасақталып жатыр. Өңір билігі нысанды игеруге ниетті инвесторлар тартудың қамына кіріскен. «Түйткілді мәселе мемелекет пен жекеменшік әріптестігі аясында шешілсе, бюджетке салмақ түспейді», - дейді мамандар.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы