389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда магистральдік желілердің 80% әбден тозған

  • 170
  • UPD: 13:40, 27.09.2019
Павлодарда магистральдік желілердің 80% әбден тозған

Павлодар қаласында жылу маусымы басталмас бұрын жүргізілген гидравликалық сынақтар барысында инженерлік желілерде шамамен 160 ақау анықталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінгі күнге дейін олардың барлығы жөнделіп, олқылықтардың орны толды. Қазіргі уақытта жылу тарату желілерінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Сала мамандарының айтуынша, облыс орталығындағы магистральдік желілердің 80%-і әбден тозған. Салдарынан қақаған қыста ірі коммуналдық апаттар орын алуы мүмкін.

Биылғы жылу маусымына дайындық аясында ескірген құбырлардың 9 шақырымында жөндеу шаралары аяқталуға жақындаған. Жұмыстар бекітілген кестеге сай 15 қазанда аяқталуы тиіс.

Айта кетейік, Павлодар баспаналарына жылу беріле бастады. Қазіргі уақытта 1300-ге жуық тұрғын үйдің 100-ден астамы жылытыла бастады. 800-ге жуық көпқабатты нысанда маусымға дайындық жұмыстары аяқталған. Ал әлеуметтік нысандардың барлығы сақадай сай.

Павел Плетухов, қалалық жылу желілері ұйымының бөлім бастығы:

- Жөндеу жұмыстары жылу тарату үрдісіне кедергі емес. Десе де, тұтынушыларды желілерге қоса бастағанда өзге де ақаулар анықталуы әбден мүмкін. Оған да дайын болуымыз керек. Бұл тозығы жеткен құбырлардың жағдайына байланысты. Инженерлі нысандар жыл сайын кезең-кезеңмен жөнделеді.

Хабар 24 телеарнасы