389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Балқаш көлінде көксерке, сазан сиреп, жыланбалық көбейіп барады

  • 185
  • UPD: 14:13, 27.09.2019

Құйған ауылындағы балықшылар осылай деп отыр. Су маржанын сүзетін шаруалармен «Хабар 24» тілшісі Шыңғыс Қалиден сұхбаттасып қайтты.

Виктор Мытырко әр күнін қамыстың түбіне құрған торын тексеруден бастайды. Кәнігі балықшы бүгін де сөйтті. Ауланғаны тек жыланбалық. Ал, жалғыз жайын кішкентай болғандықтан, қайтадан суға жіберілді.

Виктор Мытырко, балықшы:

- Сазан азайып барады. Оны аулайтындар көп. Өсіп үлгермей жатыр. Ал, жыланбалық жылдам өседі. 7-8 жылда міне, мынандай болады.

Ауылдық округте су маржанын сүзетін 4 серіктестік бар. Олар жылына 3 мың тонна балық аулайды. Өнімді отандық нарыққа шығарып, Ресейге жөнелтеді. Мұндағы мамандар да судағы кейбір тіршілік иелерінің сиреп бара жатқанын айтып отыр.

Сейітжан Сатанов, балық шаруашылығының бас инженері:

- Ең алғаш рет 2008 жылы көрдім жыланбалықты. Көбейіп кетті жыланбалық. Сазан, көксерке азайып бара жатыр жылдан жылға.

Балық шаруашылығымен айналысатындар жыл сайын көлге майшабақ жібереді. Мұндай жұмыс ауланған балықтардың орнын толтыруға аз да болса оң әсерін тигізіп отыр.

Қадырхан Ахметов, Құйған ауылдық округінің әкімі:

- Көбінесе Шелектен, Тоған шаруашылығынан майдашабақтарды – ол сазан, карп, ақ амурды соңғы бес жылда жіберіп жатыр. Жылда 1 млн-ға дейін жіберіп жатыр 4 фирма. Қазір 4,5-5 келілік амурлар шығып жатыр. Сазандар өсіп жатыр. Балық майдаланып кетті деп жатыр ғой. Ол өте дұрыс.

Мәселені түпкілікті шешу үшін аймақта балық өсіру ісін жолға қою керек. Әрі полиэтиленнан жасалған ау құратындарға тоқтау салу қажет. Сонда ғана Балқаштың балығы тайдай тулайтын болады.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы