389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Компаниялар қызметкерді жұмысқа алмас бұрын детектормен тексеретін болған

  • 195
  • UPD: 22:34, 27.09.2019

Жеке компаниялар болашақ қызметкерлерін жұмысқа алмас бұрын детектормен тексере бастаған. Сөйтіп полиграф қызметін ұсынатындарға тапсырыс көбейді. Бұл тәжірибе неге етек алды. Жалпы аппаратты алдау мүмкін бе? 

Кейіпкеріміз аты-жөнін жариялағысы келмеді. Жүзін де көрсетуден қашты. Түсінуге болады. Адалдық сынағын тапсыру оңай емес. Маңызды қызметке орналасу үшін, жұмысберуші осындай талап қойған. Сауалдардан сүрінбесе жұмысқа алады. Полиграф маманы қойған  8 сұраққа «иә» немесе «жоқ» деп жауап беру керек. 

Ақсәуле Байменшина, тілші:

- Полиграф аппарат алдына келген адамның жүрек қағысын, барлық іс-қимылын қалт жібермейді. Яғни, маманның айтуынша ,құрылғыны алдау мүмкін емес.

Сынақ тапсырушының физиологиялық әсерін дәл есептеп береді. Монитордағы толқындар турасын айтады. Дәулет Құдайбергенов 5 жылдан бері полиграфпен тексеру қызметін көрсетеді. Бұған дейін 15 жыл тергеу саласында жұмыс істеген. Құрылғы өз алдына, маманның да қырағы көзі алдына келген адамды тани алады. Айтуынша, жеке компаниялар қазір тапсырысты көбейткен. Көбі болашақ қызметкердің жемқорлыққа көзқарасын білгісі келеді.

Дәулет Құдайбергенов, полиграф маманы:

- Негізінен жұмысқа үміткер бұрын құқық бұзды ма соны білгілері келеді. Себебі адамның заңбұзғанына кейде өзінен басқа ешкім білмеуі мүмкін. Сондай-ақ ішімдікке, түрлі ойынға әуестігі жоқ па, соны тексереміз. Соңында қорытындысын шығарып, басшылыққа береміз, олар ары қарай өздері шешім шығарады.

Маманның айтуынша, құрылғыдан өткен 100 адамның 50 проценті ғана сынақтан сүрінбейді. Қалғандарының жасырған құпиялары жария болып жатады. Бұл талапты мемлекеттік қызмет саласында қолданса, жемқорлықпен күресуге болады-дейді маман. Ал мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік не дейді?

Думан Әбілов, мемлекеттік қызмет істері  агенттігінің басқарма басшысы:

- Ондай сынақ жоқ деп айтады.

Яғни мемлекеттік қызметте құрылғының сынағы емес, қызметшінің ар-ожданы өзіне сын. Әдеп кодексінде көрсетілген қағидаларды сақтау міндет. Қазір елімізде мемлекеттік қызметте жүргендердің 25 проценті 29 жасқа дейінгі жастар.

Хабар 24 телеарнасы