389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тараз қаласы жылу маусымына әлі күнге дейін дайын емес

  • 283
  • UPD: 22:38, 27.09.2019

Облыс орталығындағы жылу жүйелерін жаңғырту жұмыстары тым баяу. Құрылысқа жауапты мердігер компания кестеден қалып қойған. Енді шаһардың тең жартысына жуығы қара суықта жылусыз қалуы мүмкін.

Ал көшелердің үстін бойлай қазылған ор бірнеше айдан бері сол күйі ашық-шашық жатыр. Бұл жағдай көліктердің қатынауына кедергі келтіріп, жергілікті жұрттың наразылығын тудырды. 

Жаңғыртылып жатқан қаладағы екі негізгі жылу магистралі. Бұл жүйе арқылы бүкіл облыс орталығына жылу тарайды. Қазір магистральдің «М2» деп аталатын бөлігінде жұмыстар әлі толық бітпеген. Қазылған шұқырлар ашық-шашық күйде жатыр. Салдарынан бірнеше кәсіпорын өнімдерін қоймадан шығаралмай отыр. Кейбірі тіпті жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған.

Талғат Қайдауылов, кәсіпкер:

- Жұмыстың бәрі бізде тұрып қалды. Мына жердің бәрін қазып, бізде производство бар. Жұмысшылар бәрі. Ешкім шығалмай жатыр жұмысқа. Складтың бәрі толып қалды. Продукицияның бәрін алып кетеалмай зауыттың бәрі тұрып осы жердегі жұмысшылардың бәрі енді білмеймін енді мүмкін отпускіге жібереміз ба? Соны ойластырып жатырмыз.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Бұл қаладағы жөнделіп жатқан екінші ірі жылу магистралі. Бұл жерде құрылыс жұмыстары көктем айында басталған. Енді санаулы күндерден кейін жылыту маусымы басталады. Алайда құрылыс жұмыстары әлі де аяқталмаған. Тіпті міне көктем айында қызанақтың дәні түскен болу керек. Бұл да гүлдей бастаған. Осыған қарап-ақ құрылыстың қанша уақыт жалғасып жатқанын бағамдай беріңіз. 

Тұрғындардан түскен шағым бойынша арнайы топ мониторинг жүргізді. Нәтижесінде мердігерлердің жұмыс кестесінен 20 күндей қалып қойғандығы анықталды. Оған себеп 800 метр аралыққа құбыр жетпей қалған.

Мұхаметқали Өмірбаев, мердігер компания жетекшісі:

- Кешіккен себебі мына құбырлардың бәрі Россиядан келеді. Бізде Қазақстанда шығарылмайды. Оны Россиядан әкеліп оның изоляциясы Қарағанды мен Алматыда жасайды. Қазір құбырлар Россиядан келді. Енді күніге бізге келіп жатыр.   

Мұндай кемшілікке жол бергені үшін екі компанияға 5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, жауапкершілікке тартылған. Бірақ мамандардың айтуынша аса жауапты істі мойнына алып, уақытылы орындамаған мекеме үшін бұл тым жеңіл жаза.

Равиль Төлебаев, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары: 

- Неге десеңіз келісім шарттарда көп жерде орындалмаған жұмыс көлемінен 0,1 пайыз көлемінде күніне қолданады. Ол дегеніміз мердігерге ешқандай әсер етпейді. Белгілі бір әсер ететіндей айыппұл қолданатын болса сонда ғана мердігер алдын ала айыппұлға түсіп қалмай мәселесін ойлайтын болады. Және жұмысын дұрыс жоспарлайтын болады.   

Мерзімінде бітуі тиіс шаруа қазір шатқаяқтап тұр. Мамыр айында басталып күні бүгінге дейін бітпеген құрылысты мердігерлер 15 күнде аяқтамақ. Тіпті құбырлар ауысқанның өзінде әлі оның жоғары қысымға шыдамдылығы тексерілуі тиіс. Егер қандай да бір ақау шығатын болса, жұмыс тағы созылуы мүмкін. Сөз жоқ, жылу магистральдері бұрын-соңды мұндай көлемде қалада ауыстырылмаған. Бірақ «көтере алмайтын шоқпарды белге байлаудың» қажеті бар ме еді? 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейлхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы