388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында ішкі істер органдары жемқорлықтан көш бастап тұр

  • 257
  • UPD: 23:55, 27.09.2019

Түркістан облысында жемқорлыққа ең көп жол берген салалар анықталды. Олардың көшін ішкі істер органдары бастап тұр. Одан кейін жер қатынастары. Үшіншісі білім беру саласы. Бұл мәліметтер салалық департаменттің 8 айдағы жұмысы қорытындыланған баспасөз мәслихатында айтылды.

Агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаментінің қызметкерлері жыл басынан бері 500 мың адамды қамтитын 2 мыңнан аса топтың арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында түрлі іс-шара өткізген. Бірақ соған қарамастан өңірде жемқорлыққа деген көзқарас өзгермей отыр. Өткен ішінде облыста сыбайластыққа қатысты 78 қылмыстық іс тіркелген. 

Ғанижан Асанұлы, СЖҚІҚ агенттігінің облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары:

- Сыбайластық жемқорлық деректері көп кездесетін салалар – бірінші полиция органдары. Екінші жер қатынастары. Үшінші мемлекеттік балабақша, төртінші мемлекеттік аурухана, емхана. Яғни халық көп жүгінетін салалар. Өкінішке орай бұл статистика біздің статистикамен  сәйкес келеді. Жоғарыдағы полиция саласы біздің облыста жемқорлық қылмысы көп жасалған сала боп есептеледі.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Аяқ киімнің ең осал жері өкшесі. Қандай аяқ киім болса да бірінші өкшесі кетеді. Сол сияқты Түркістан облысы полицейлерінің де осал жері жемқорлыққа бейімдігі. «Дәніккеннен құныққан жаман» демекші көлденең табысқа келгенде көбі көздерін жұмып, өздерін ұстай алмай қалатын сияқты. Бәрі емес әрине. Бірақ бар. Бір қарын майды шірітетіндер де солар. 

Жыл басынан бері департамент қызметкерлері анықтаған қылмыстың 59-ы сыбайлас жемқорлыққа қатысты. Оның 31-і ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады. 37 парақорлық дерегі тағы бар. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша 8, ал шағын және орта кәсіпкерлікті заңсыз тексеруге қатысты 14 оқиға тіркелген. Сыбайластықтың ми батпағына батқандардың арасында аты дардай лауазымды тұлғалар да бар.

Сұлтан Пирметов, агенттіктің облыстық департаменті жедел басқармасының басшысы:

- Мысалы, Түркістан облыстық әкімдігінің мемлекеттік сәулет және құрылысын бақылау басқармасының басшысы Бектаев осы басқарманың лицензиялау және аттестациялау бөлімінің басшысы Тасболатов пен алдын ала сөз байласып шағын және орта бизнес иелеріне делдалдық жасамақшы болған. Лицензия беру үшін 380 мың теңге алу барысында ұсталды.  

«Жемқорларды жазалағаннан қылмыстың алдын алу маңызды» дейді департамент мамандары. Сондықтан бұл бағытта «Адалдық алаңы», жастарға бағытталған «Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ» жобалары жүйелі түрде жүзеге асып, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Арнайы сауалнама да өз жемісін беруде.  

Сәрсенбек Жақсылық, СЖҚІҚ агенттігінің облыстық департаменті тергеу басқармасының басшысы:

- Ағымдағы жылдың 8 айында 156 ұсыныс облыс аумағында мемлекеттік органдармен мекемелерге жолданып, 109 іс қаралып нәтижесінде 55 қызметкер әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 

Мамандар арнайы мониторингтік топ мүшелерімен бірге «Жасырын сатып алу» іс шарасын жүргізіп, білім саласындағы біраз былықтың да бетін ашқан. Жетісай педогогикалық колледжінде ізденушілерге студенттік билет пен жатақхана төлем түбіртегі берілмеген. Ал Халықаралық қазақ-түрік университетінде магистратураға түсуші 10 талапкер эмтихан талаптарын сақтамаған. Департамент қызметкерлері білім саласындағы жемқорлыққа жол бермеу үшін 2 жоғары оқу орны мен 31 мемлекеттік және 35 жекеменшік колледжде қабырғасында белсенді жастар клубын құрып отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы