389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда «бір терезе» қағидасымен жұмыс істейтін әлеуметтендіру орталығы ашылды

  • 227
  • UPD: 23:57, 27.09.2019

Ақтауда алғаш рет «Бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін әлеуметтендіру орталығы ашылды. Енді кез келген тұрғын Ассамблея ғимаратына келіп, қажет ақпаратын мамандармен еркін әңгімелесу түрінде ала алады. Мұнда мемлекеттік қызмет түрлері де тегін көрсетіледі.

Әлеуметтік жоба авторлары осы орталық арқылы билік пен халықтың арасын жақындатуды көздеп отыр. Тілшіміз Талғат Исламұлы сөз алады. 

Әлеуметтендіру орталығының мамандары қиындыққа кезігіп, күйзеліске түскен тұрғындардың санасын сауықтыруға баса мән береді. Мүгедек бала бағып отырған азаматтарға, көп балалы және аз қамтылған отбасыларға мемлекеттен қаржылай қолдау алу жолдарын түсіндіреді. Бұл ретте тәлімгердің қызметін бірнеше сәби тәрбиелеуші аналар атқарады. Олар өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, бар мүмкіндікті пайдалана отырып жеке мәселені тез әрі тиімді шешуді үйретеді.

Майра Мұрзаева, әлеуметтендіру орталығының тәлімгері:

- Бұл орталықтың тұрғындар үшін берері мол. Көп балалы ана ретінде айтарым: өмірде кездесетін әртүрлі қиындықтарды қоғамның саналы мүшесі ретінде шешуге болады. Яғни, үйде отырып мемлекетті жазғырудан ұтарыңыз жоқ. Қамқорлыққа зәру азаматарға заң жүзінде қарастырылған қаржылай қолдау бар. Оларды алу жолдарын психологиялық тренинг-семинар түрінде өтетін кездесулерде айтып береміз.

Маңғыстау облысында 23 мыңнан астам көп балалы отбасы тұрады. Сәби күтімімен отырған әйелдің үйдің шығуы қиын екені белгілі. Мемлекеттік мекемеге барғанның өзінде маман қабылдауына бірден кіруге мүмкіндік те бола бермейді. Осыдан соң кеңселерде ұрыс-керіс туындайды. Ата-аналар үшін бұл мәселеден арылудың бір жолы - әлеуметтендіру орталығына жүгіну.

Аят Сүгірбай, «Әлеуметтендіру орталығы» жобасының үйлестірушісі:

- Басты мақсатымыз - аналардың санасын сауықтыру, позитивті көзқарас қалыптастыру. Және де мемлекетімізде аналарды қолдауға қабылданған бағдарламалардың алгоритмдерін үйрету. Яғни, сол кісілердің белсендігілін арттыру. Өзінің мүмкіндігімен өз мәселесін шешуге үйрету. Құзырлы мемлекеттік органдардың өкілдері келіп аналардың мәселелері бойынша осы жерде қабылдау жүргізеді.

Өңірлік Ассамблея ғимаратында ашылған орталық есігі аптасына бес күн ашық. Аймақ тұрғындары электронды кілт арқылы қажетті анықтамаларын осы жерден ала алады. Халықтан келіп түсетін өтініш-шағым жергілікті жерде шешілмесе, орталық басқару органдарына жолданады. Әлеуметтік жоба авторлары іскер әйелдерді шақыру арқылы дипломы жоқ жұмыссыз азаматтарды орта және шағын бизнеске бағыттауға жұмыстанып жатыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы