388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Аружан Саин: Балаларға түрлі үйірмелер қолжетімді болуы керек

  • 208
  • UPD: 18:59, 28.09.2019
Аружан Саин: Балаларға түрлі үйірмелер қолжетімді болуы керек total.kz

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин кәмелетке толмағандардың құқығы, қауіпсіздігі туралы ой бөлісті, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Өзіміз жұмыс істейін деп тұрған бағдарлама туралы түсіндіріп беруді жөн көріп тұрмын. Еліміздің әрбір азаматына бала деген көзқарасымызды толығымен өзгертуге шақырамын. Бізде жасөспірімдер арасында белгілі бір деңгейде қылмыс, суицид, инвалидизация бар. Ал менің жұмысымның нәтижесі көрініп, бұл олқылық жойылса екен деймін. Қазір балалар не нәрседен қиындық көреді? Олар зорлық-зомбылықтан, тіпті бір-біріне көрсететін жыныстық зорлықтан зардап шегеді. Бір айтарым, біз балаларымыздың талантын, мүмкіндігін ашатындай деңгейде балаларымызға тәрбие бере алмай отырғанымыз жасырын емес. Кез келген елдің байлығы – оның халқы. Сол себепті біз Сингапурдың бұрынғы басшысы 2015 жылы айтқандай, мұнайға емес халқымызға көбірек қаржы бөлуіміз керек. Себебі, болашақта біздегі мұнай-газ уақыты жеткенде бітеді. Әлемде ешбір табиғи байлығы жоқ, бірақ экономикасын жоғары деңгейге жеткізген елдер бар. Оған Сингапур, Жапония, Еуропа елдерін мысал етуге болады. Біз де еліміздің болашағына пайдасы тиетін жастарымызға көбірек көңіл бөлуіміз керек. Адами капитал қашанда маңызды. Мемлекет балаларға деген саясатын өзгертсе екен деймін. Бүкіл ресурс, қаржы балаларға бөлінуі тиіс», - деді Аружан Саин.

Ол сонымен қатар, ақпарат беттерінен балалар арасындағы төбелес, бірінің көзі шығып, бірінің аяқ-қолы сынғаны туралы мәліметтер жиі кездесетінін қозғап өтті.

«Балалардың бос уақыты болмауы тиіс. Олардың мәдениет, спорт, ғылым саласында өз әлеуеттерін жетілдіруге жағдай қарастырылуы керек. Мұның бәрі балаларға қолжетімді болғаны жөн. Бүгінде оны қосымша білім дейді. Бүгінге дейін Елбасы да, Мемлекет басшысы да бөлінген қаржы халыққа жетуі керек деп бірнеше рет айтқан. Сондықтан пайдасы жоқ концерттерді, іс-шараларды өткізуді тоқтату керек. Оған үлкен қаражат жұмсалады. Осы себепті жергілікті атқарушы органдарға, өңір басшыларына қаржы саясатын қайтадан қарап шығып, пайдасы жоқ іс-шараларды тоқтатуын сұраймын. Оған кеткен қаржыны балаларға бөлу керек. Сонда бір жылда осы балалардың қатысуымен өтетін концерттерді, түрлі іс-шараларды көреміз. Қазір Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, оқушылардың өз таңдауымен екі үйірмеге баруына жағдай жасалуын қарастырып жатырмыз», - деді Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Ол сөз арасында мүмкіндігі шектеулі балалардың да өз мүмкіндігін жүзеге асыруына түрлі жағдайлар қарастырылатынын жеткізді. Сол сияқты паралимпиададағы жетістіктер осының нәтижесі екенін айтып өтті.

Сонымен қатар, ол балаларды мүгедектіктен аман алып қалу мәселесіне тоқталды. Сөз арасында шала туған балалар арасында зағип ауруы дендеп бара жатқанын тілге тиек етті.

«Бұл шақалақтардың негізінен көру жүйке тамырлары дамымай қалады. Егер ол бүлдіршіндерге өмірінің алғашқы екі күнінде лазерлі операция жасалса, олардың көру жүйесі сақталады. Ал бізде ол Алматыда, Шымкентте және Нұр-Сұлтанда ғана бар», - деп проблеманың тағы бір шетін ағытып өтті.

Айтуынша, бұл тақырыпты осыған дейін ата-аналар бірнеше рет көтеріпті. Жақын уақытта осы проблеманың шешу жолдары қарастырылмақ. Бұдан бөлек, Аружан Саин ДЦП ауруына шалдыққан балалардың проблемасын қозғады.

«Біз балалардың сау туылуына мән беруіміз керек. Осы мәселеде зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Оған профессорлар, медицина ғылымдарының докторы кірді. 90 жылдары Қазақстанда 100 мың адамға шаққанда ДЦП-мен ауыратын 23 бала болса, ал 2017 жылы 83-ке артты. Көрсеткіштің мұндай деңгейге көтерілуіне біздің уақытында емдемейтініміз себеп. Баланың бойында қандай да бір дерттің белгісі байқалса, оны бастапқы кезеңінде емдеу қажет. Ең алдымен 1 жасына дейін, ары қарай 3 жасқа дейін тұрақты емделсе, ауыр диагноздарға ұшыраудан сақтанады», - дейді Аружан Саин.

Хабар 24 телеарнасы