389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарлық кардиохирургтер инновациялық 3D технологиясын енгізгелі жатыр

  • 216
  • UPD: 22:18, 28.09.2019

Мидың қан айналымының бұзылуы немесе жүрек талмасы. Бүгінде өлім-жітімнің 85%-іне осы аурулар себеп. Көп жағдайда науқас бұл дерттің белгілерін байқай бермейді.

Осы сырқат түрі меңдеп тұрған Павлодар өңірінде жүрек-қан тамырларын емдеудің ең озық тәжірибелері қолданысқа енген. Облыстық кардиологиялық орталықтың мамандары емдеудің инновациялық технологиялары мен жүрекке операция жасаудың озық әдіс-тәсілдерін игерген. Соған қарамастан олар жағдайды толыққанды шешудің  мүмкін еместігін айтады.

Жүрек-қан тамырлары ауруы. Мидың қан айналымының бұзылуы. Бұл – шұғыл дәрігерлік көмекті қажет ететін өте қауіпті сырқат түрлері. Оны емдеуде көбіне хирургиялық жол таңдалады. Ал, ауру асқынып кетсе, соңы мүгедектікке әкеліп соқтырады. Дәрігерлер негізгі себеп адамдардың қамсыздығы екенін еске салудан жалыққан емес. Сақтану жолдары да қарапайым. Ол үшін дұрыс тамақтанып, зиянды әдеттерден аулақ болған абзал.

Гүлнар Мұқанова, облыстық кардиологиялық орталықтың бөлім меңгерушісі:

- Аурудың алдын алу жолдарын адамдардың барлығы бірдей білуі тиіс. Бұл жерде нақты салуатты өмір салтын ұстануды әдетке айналдыру керектігін айтқым келеді. Дұрыс тамақтану, дене шынықтыру, зиянды әдеттерден бас тарту, таза ауада серуендеу. Ең бастысы адам өз денсаулығына салғырт қарамауы керек.

Жыл басынан бері Павлодардың кардиологиялық орталығында 4 мыңдай адам емделген. 1600 адамның жүрегіне операция жасалыпты. Емдеу мекемесінде өткір миокард инфарктісіне душар болған науқастарды сауықтырудың толық алгоритмі қалыптасқан. Осының нәтижесінде қан айналысы жүйесіндегі аурулардан өлім-жітім деңгейі едәуір төмендепті. Мамандар мұны озық хирургиялық әдіс-тәсілдердің жемісіне жатқызады. Оның ішінде шағын тілікті операцияларды ерекше атап өткен жөн. Кардиологтар үнемі іздену үстінде. Қазір инновациялық 3D технологиясын енгізумен айналысып жатыр. Тың жаңалық жүректі іштен көруге мүмкіндік береді. Мұндай операция түрі Қазақстан бойынша әлі жасалып көрмеген.

Мұрат Райханов, кардиохирургиялық қызметтің жетекшісі:

Аталған операция жүрек қалқаншасы патологиясында қолданылады. Бұл яғни, туа бітті жүрек талмасы бар адамдарда кездесетін жүрек қалқаншасының қызметін жақсарту. Біз қалқаншаны алмастырмай орнында қалдырамыз. Ағза бөлшегінің өз орнында қалғаны дұрыс. Біз бұл операцияны табысты жасап шығу үшін оның анатомиялық құрылымдарын жақсы білуіміз керек. Жаңа технология жұмыс сапасын арттырады және жоғары нәтиже береді.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жаңа туылған мың нәрестенің 8-інен жүрек ақауы табылады. Олардың 50%-ін бір жасқа толғанша емдеу қажет болса, 30%-іне туа сала операция жасауға тура келеді. Дәрігерлердің пікірінше, мұндай қатердің алдын алуға  болады. Бірінші кезекте ата-аналардың жауапкершілігі керек.

Тимур Райымханов, балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі:

- Ең алдымен жүктілік ағымының дұрыс болғанын қамтамасыз етудің маңызы зор. Аяғы ауыр кезде әйел адамдар жұқпалы аурулардан сақтанғаны абзал. Жүктіліктің алғашқы төрт аптасында жұқпалы инфекцияға бой алдыру іштегі нәрестенің жүрегіне әсер етеді.

Жалпы қан айналымы жүйесіндегі ауруларға қарсы күрес оны бастапқы кезеңде анықтап, ерте бастан ем қолданғанда нәтижелі болады. Бұл ретте скринингтік тексерулердің алар орны бөлек. Дүниежүзілік жүрек күні қарсаңында дәрігерлер халықты медициналық тексеруден өтуге үндейтін көптеген үгіт-насихат шараларына ұйытқа болады.

Сәуле Асқарова, кардиолог дәрігер:

Осындай шаралардың нәтижесі бойынша кардиологтар немесе кардиохирургтар қажетті тексерулерден өтуге кеңес береді. Кімге бару керектігін, қандай ем қолданылатыны жайында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

 

Хабар 24 телеарнасы