388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы сәтті жүзеге асуда

  • 241
  • UPD: 08:37, 29.09.2019

«Қазір қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап барады. Шалғай елді мекендерде білікті педагогтар тапшы. Сондықтан «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясын кеңейту керек» деген болатын мемлекет басшысы. Ол үшін Үкіметке осы салаға бөлінетін қаржы көлемін 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды. Қазір Қарағанды облысында аталған бағдарлама жемісті жүзеге асып келеді. Айталық, тек Нұра ауданының өзіне биыл 17 жас маман барыпты.

Нұрдос Өсербаев жоғарғы оқу орынын бітірген соң бір жыл қалада еңбек етіп, кейін ауылға баруға шешім қабылдапты. Осылайша Мағжан Жұмабаев атындағы мектепке география пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Аз уақыт ішінде ол дайындаған шәкірттер түрлі олимпиадаларда топ жарып, мектептің мәртебесін асырған. Қазір Нұрдос қосымша шахмат, робототехника үйірмелерінен де дәріс береді.  

Күлпәш Жанқуатова, М.Жұмабаев атындағы мектептің директоры:

- Кадр мәселесі толығымен шешіліп отыр. Кейінгі 4 жылда біз 15 маман алдық. Әрине, оның бәрі бір жылда алынған жоқ. Жыл сайын 5 маманнан алып отырдық. Ең басты назар, жаратылыстану, математика бағытындағы пән мұғалімдерімен қамтыдық. География, физика, химия мұғалімдері толығымен жеткілікті. Кадрлардың барлығы қазір новатор. 

Нұра кентіне «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келген Нұрдос бірден баспанамен қамтылады. Көтерме қаржы алады. Кейін ол Қараой ауылында тұратын ата-анасы мен бауырларын жаңа үйіне көшіріп әкелген. Еңбекқор жігіт аз уақытта бау-бақшасын көкөніске толтырыпты.

Нұрдос Өсербаев, М.Жұмабаев атындағы орта мектептің мұғалімі:

- Ауылды да көркейтейік деген мақсатпен осында келіп жұмыс істеп жатырмын. Ауылдың ішінде талантты балалар көп. Солардың барлығын көтеру біздің, яғни жастардың қолында. Қазірдің өзінде біздің Мағжан Жұмабаев атындағы мектепте мұғалімдердің 70-тен астамы жас мамандар. Себебі қазіргі таңда бағдарлама өте тиімді.  

Жалпы биыл Қарағанды облысы бойынша 236 мұғалім ауылға жұмысқа барған. Ал Нұра ауданына 17 жас маман келіпті. Олар қазір білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларында жемісті еңбек етіп жатыр.

Әділбек Құмар, жастар ресурстық орталығының директоры:

- Мамандарды ауылға тұрақтандыру үшін бағдарлама өте жақсы ойластырылған. Яғни алды, кетті деген дүние емес. Бес жылға дейін келісім-шартқа отырады. Сол бес жылдың ішінде олар ешқайда кетпеуі керек, еңбегін сіңіру керек. Қазіргі таңда 5 жылдан асып кетіп, тіпті әрмен қарай осы ауданда қалып, ауданның азаматы болып, еңбегін сіңіріп жатқандар да жетерлік. 

Жуырда Нұр-Cұлтан қаласындағы мектептің бірі Нұрдосты жұмысқа шықырып, жоғары жалақы ұсынған. Алайда ол бас тартады. Түпкілікті ауылда қалуға шешім қабылдапты. Ал келесі жылы шаңырақ көтеруді жоспарлап отыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы