389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жаңатас қаласында 90-жылдары бос қалған үйлер жөндеуден өткізіліп жатыр

  • 188
  • UPD: 15:23, 29.09.2019

Жамбыл облысы Жаңатас қаласында жыл соңына дейін 265 отбасы баспанамен қамтылады. Қазір шағын шаһарда 90-жылдары бос қалған үйлер қайта жөндеуден өткізіліп жатыр. Көп қабатты тұрғын үйлер бірінші кезекте пәтер кезегіндегі жетім, әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға берілмек.

Жаңатаста биыл 70 және 120 пәтерлі екі көпқабатты тұрғын үй қайта қалпына келтіріліп жатыр. Оған қаражат «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында  бөлінген. Қазір құрылыс жұмыстарының 80 проценті бітіп тұр. Тек жылу жүйесі және ауланы абаттандыру ғана қалған. 

Қуатбек Қалдыбеков, учаске басшысы:

- Ішкі жұмыс бітті. Енді күтіп отырмыз бір-екі күнде есіктер келеді межкомнатный. Соларды қоямыз. Құдай қаласа, ноябрь айында срогынан бұрын өткіземіз. 

Сонымен қатар 4-ықшам ауданда 56 пәтерлі үй жөнделіп жатыр. Бұл жергілікті көпбалалы отбасыларға уақытша жатақхана ретінде беріледі. 

Талғат Төлебаев, Жаңатас қаласы әкімінің міндетін атқарушы:

- Жатақханалар 2-3 бөлмелі. Көпбалалы аналар деп отырғанымыз 4 баладан жоғары балалары бар отбасыларға беріледі. Уақытша. Пәтер кезегі келген кезде ол кісілерге үй беріледі. Ол жатақханаға басқа көпбалалы отбасылар кіреді. 

Бүгінгі күні қалада көп балалы 196 отбасы бар. Оның 144-і  биыл баспанамен қамтылады. Қазір қалада 15 көпқабатты тұрғын үй бос тұр.  Мамандар «Бұл үйлерді қайта қалыпқа келтіру, іргетасынан бастап салғаннан гөрі әлдеқайда тиімді» дейді. Мәселен, 70 пәтерлі үйді жөндеуге 300 миллион теңгедей жұмсалса, жаңа үй тұрғызу үшін 1 миллиард теңгедей кетеді екен. 

Дәуренбек Шалбаев, Сарысу аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Келесі жылға біз 4 үйді қалпына келтіруге жобалық-сметалық құжатын дайындап отырмыз. Сонымен қатар арғы жағында бізде қалатыны жекеменшікте 5 көпқабатты үйлер бар. Ол жекеменшіктегі үйлерді де өз қаржысына қалпына келтіріп береді немесе бюджетке сатып алсақ деген жоспарларымыз бар. 

Жаңатас қаласында соңғы 12 жылда 10 көпқабатты тұрғын қайта қалпына келтірілген. Соның арқасында 800-ге жуық отбасы баспаналы болды. Айта кету керек, Сарысу ауданының орталығында 23 500 халық тұрады. Оның 1900-ы пәтер кезегіне тіркелген. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы