389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанайлық компания жылу тарифінің қымбаттауына қарсы жаңа әдіспен күреспек

  • 167
  • UPD: 15:07, 29.09.2019

Қостанайлық жылу энергетикалық компаниясы тариф бағасының өсуіне тосқауыл қоймақ. Бұл мақсатта мекеме заманауи жабдықтар орнатуға көшті.

Облыс орталығындағы қазандықтардың бірінде вакуумдық коллекторлар пайда болды. Күн көзінен қуат алатын қондырғылар газ шығынын үнемдейді.

Іші суға толған бұл коллекторлар бір ай бұрын пайда болды. Сол аралықтан бері қазандық күн көзінен 1 гигакаллориядай жылу энергиясын алған. Ал ауа райы жайма-шуақты болған күндері оның тиімділігі әлдеқайда арта түседі. 

Леонид Кожухарь, жылу қазандығы басшысының орынбасары:

- Коллекторлар вакуумды шыны құбырдан және мыстан жасалған. Күннің көзінен жылытылған су қазандықтың бу бөлетін аумағына өтеді. Бұрын ол суық күйінде жеткізілсе, қазір температурасы 22-26 градусқа дейін көтеріледі. Демек бізге суды қыздыру үшін мол көлемде газ шығындаудың қажеті шамалы. 

Жұмыс істеп тұрған жылу алмастырғыштар Кеңес заманынан бері сақтаулы. Көптен бері тұралап қалғандықтан оларды бұзып тастау туралы бастамалар  бірнеше рет көтерілген. Енді инженерлердің тың идеясымен тиімді мақсаттарда пайдаланылып жатыр. Жаңа технология тарифтің қымбаттауына сылтау болмайды, - дейді мамандар.  

Асқар Бекпағанбетов, жылыту энергетикалық компаниясының директоры:

- Есептеуімізше жылына 1850 текше метр көгілдір отын үнемдей аламыз. Бұл шамамен 150 мың теңге. Коллекторларды орнатуға 1 миллион 800 мың теңге шығындадық. Жұмсалған қаржыны шамамен 12 жыл ішінде қайтарып аламыз деп отырмыз. 

Баламалы энергия көздерін қолданысқа енгізу - заман талабы. Сондықтан жергілікті коммуналдық кәсіпорындар осы бағыттағы озық тәжірибелерді енгізуді әрі қарай ширата түспек. 

Авторлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы