389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында 100-ден астам жас президенттік кадр резервіне құжат тапсырды

  • 679
  • UPD: 11:33, 30.09.2019

30 қыркүйек күні президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу аяқталады.

Мемлекеттік қызмет пен ұлттық компанияларда жоғары лауазымдарға қол жеткізу үшін Маңғыстау облысынан 100-ден аса адам құжат тапсырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арасында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейтін облыстық тарихи-мәдени қорығының директоры Бекболат Төлегенұлы да бар.

32 жастағы Бекболат Төлегенұлы тарихи ескерткіштерге бай өлкенің кереметтері мен қайталанбас тұмса табиғатын дүниежүзіне танытуға тырысып жүр. Қазір ол басқаратын тарихи-мәдени қорық ТМД аумағындағы алғашқы геобақ құруды қолға алды. Мұнда туристер Маңғыстауда ғана кездесетін Бекет ата, Шақпақ ата сынды жерасты мешіттері, шар тәріздес алып тастар мен ежелгі қала орындарын тамашалай алады. Жобаны ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізу үшін өтініш тасталды.

Бекболат Төлегенұлы, облыстық тарихи-мәдени қорық директоры:

Маңғыстауға адамдар, туристер келіп жатыр. Жоғары орында Ресей туристері. Сонымен қатар шетелдік туристер көп келеді. Әсіресе, екінші орында – жапондықтар. 3-4 мың шақырым жерден ұшып келіп, апталап жатып, рухани эйфория алудың өзі бұл жердің эстетикалық, адамдарға емдеу сияқты демалуына, жаңа бір ой туындауына үлкен әсерін тигізеді.

Бекболат еліміздің тарихи-мәдени байлығының әлемдік деңгейде бағалануына атсалыспақ ниетте. Осы мақсатта президенттік жастар кадрлық резервінің іріктеу кезеңіне құжат тапсырды. 8 жылын жер қойнауын барлау, соңғы 3 жылын тарихи ескерткіштерді зерттеу ісіне арғана түркітанушы мемлекет ұсынған жобада бағын сынап көрмекші.

Бекболат Төлегенұлы, облыстық тарихи-мәдени қорығының директоры:

- Адамға қармақ беру деген сияқты ғой. Мүмкіндік беру, әрі қарай өзінің потенциалын көрсету, алып кету – ол жеке адамның өзіне байланысты. Себебі бұл жерге сондай жоғары деңгейдегі өте білімді, әртүрлі саланы меңгерген, техника саласынан бастап гуманитария, т.б. саладағы адамдар қатысып, өзіне сенімді адамдар жеңіп шықса, әрине ол елдің дамуына үлкен үлес қосады. Себебі осы жылы өздеріңіз білесіздер, жастар жылы деп аталып жатыр. Осы жастар жылындағы бір ең негізгі және үлкен көмек және қамқорлық жобасы болғалы тұр.

1 қыркүйек күні басталған жас мамандарды іріктеу кезеңіне бір айдың ішінде жүзге жуық маңғыстаулық жас онлайн тіркеліп үлгерді. Бұл жоба еліміздің әр түкпірінде танылмай жатқан жігерлі жастардың жарыққа шығуына жол ашады. 35 жастан аспаған, жоғары білімі және бес жыл еңбек өтілі бар ел азаматы резервке алынады.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы