389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мұнайлы ауданында елді мекендерді жалғайтын ескі жолдар қалпына келтіріліп жатыр

  • 166
  • UPD: 14:21, 30.09.2019

Мұнайлыда үш бірдей елді мекенді жалғайтын ескі көлік жолдары қалпына келтіріліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірнеше тұрғын үй массиві мен аудан орталығы арасындағы трассаның 12 шақырымы биыл толық жөнделеді. Тозығы жеткен асфальт жабындыны су сеуіп тегістеуді жұмысшылар бір ауысыммен атқаруда.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Мұнайлы ауданының орталығы – Маңғыстау селосын Ақеспе, Айрақты және Шерқала тұрғын үй массивтеріне қосатын жолдың қолданысқа жарамсыздығын тұрғындар соңғы 4 жылдан бері жиі көтеріп келді. Қордаланған мәселе – биыл республикалық бюджеттен 500 млн теңгеге жуық қаржы бөлінуімен түбегейлі шешімін табады деп күтілуде. Осы бағытта кешенді жұмыстардың басталуына Елбасының «Ауыл – ел бесігі жобасы» сеп болған.

Азанғали Әбдіғапаров – әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерінде жол мәселесін бірінші болып көтеретін белсенді тұрғынның бірі. Қаржы бөлінсе, жөнделері жайлы уәдені естіп жүргеніне біраз уақыт өткен. Ел болып күткен құрылыстың биыл жазда басталғанына қуанышты. Үй іргесіндегі ескі асфальт жабындыны бульдозермен күреп, тегістеу жұмыстарын алғашқы тәуліктен бері бақылап жүр.

Азанғали Әбдіғапаров, ауыл тұрғыны:

- Жол жаман болса, әрине кім-кімге де түсінікті ғой. Қазір міне, асфальт салынып жатыр. Кейбір жерлері бітіп жатыр. Ақтаудың, Маңғыстау облысының айнасы деуге де болады ғой. Себебі, вокзал осы жерде болғасын келетін-кететін қонақтардың барлығы осы жермен жүреді. Асфальт болмаған соң шаңға батады машиналар.

38 мыңдай халық қоныстанған Маңғыстау ауылы бес тұрғын үй массивтерінен тұрады. Мұндағы ішкі трасса көптен жөндеу көрген жоқ. Қалпына келтіруге ел қазынасынан 490 млн теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыны мердігер мекемелер 31 желтоқсанға дейін игеріп, жұмысын аяқтауы керек. Жол салу жұмыстарына 37 жергілікті тұрғын мен жеті арнайы техника жұмылған.

Берік Әбдіхалық, Мұнайлы ауданы ТКШ бөлімінің басшысы:

- Айрақты, Ақеспе және де Маңғыстау селосындағы Шапағат, Есмәмбет дейтін кварталдарда көптен бері жол салу мәселесі қайта-қайта тұрғындар тарапынан өзекті мәселе болып жүрді. Мынау соның нәтижесі. Республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Қазір 12 шақырымдық жол салынып жатыр. Қайта жөндеуден өткізіп жатырмыз.

Жол құрылысы келер жылы Мұнайлы ауданының кәрі шаңырағы Қызылтөбеде жалғасады деп жоспарланған. Бұл елді мекенде ұзындығы 15 шақырымдық көлік жолы күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Осы мақсатқа ең кемі 450 млн теңге қажет. Аудан әкімдігі республикалық бюджетке сұраныс жіберіп қойыпты.

Авторлары:Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы