389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да 100 елді мекенді абаттандыру бағдарламасы сәтті жүзеге асып жатыр

  • 138
  • UPD: 16:32, 30.09.2019

Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 көше орташа жөндеуден өтіп жатса, жаңадан бассейн құрылыс басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған республикалық бюджеттен 380 миллион теңгеден артық қаражат бөлінген. 100 елді мекенді абаттандыру бағдарламасы да сәтті жүзеге асып жатыр. Бұл мақсатқа облыс қазынасынан 150 миллион теңге қарастырылып, рәміздер алаңы, арбат, футбол алаңдары сияқты нысандар іске қосылған.

Аудан орталығы Күршім ауылында ашылған рәміздер алаңы қазір үлкен-кіші, жас пен кәрінің жиі келетін сүйікті мекеніне айналған. Танымдық тәрбие сағаттары да осында өтеді екен. «Жас ұрпақтың санасына туымызбен тұғырлы, елтаңбамен еңселі екенімізді ұғындыру», - дейді ұстаздар.

Еңлік Сіләмханова, оқушы:

- Осы біздің мектептің алдында рәміздер алаңы ашылғанына өте қуаныштымыз. Біз осы туға қарап, өзіміздің бойымызды түзейміз. Біз болашақ Қазақстанның жастары болғандықтан, әрдайым осы туды биіктен желбіретуге тырысамыз.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Күршімдегі 5 көшеге асфальт салынып жатыр. Бұрын шаңы аспанға шығып, шұрқ-шұрқ тесіліп жататын Абылайхан, Бауыржан Момышұлы, Көлбаев сияқты көшелер енді тақтайдай тегіс болады. Аудан орталығы ғана емес, Марқакөл, Боран, Сарыөлең, Қалжыр сияқты ауылдардың да ажары ашылып, көшелері көркейе түсті. Балаларға спорттық алаңдар салынып, көшелер жарықтанған.

Сәндібек Дүзбаев, Күршім ауылдық округінің әкімі:

- Барақ батыр спорт кешені бар. Мұнда 6 үйірме жұмыс жасайды. Балалардың жүріп-тұруына қолайсыздық жағдай болған. Көктемде су, күз айларында балшық, қыста қар, балаларға қолайсыз болды. Бүгін міне, 1630 метр осы Тоқаев көшесінің бойынан жаяу жүргіншілер жолын жасадық.

Күршім ауылында 10 мыңға жуық халық тұрады. 4-деңгейлі өз бюджеті бар. Биыл салықтан түскен қаражат 50 миллион теңгені құрапты. Оған жергілікті қоғамдық кеңеспен ақылдаса отырып, үнемшамдар орнату жоспарланып отыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы