389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бекзат Саттарханов туралы көркем фильм көрерменге жол тартты

  • 270
  • UPD: 20:57, 30.09.2019

Бекзат Саттарханов туралы көркем фильм көрерменге жол тартты. Бүгін Түркістан қаласында «Хабар» Агенттігінің тапсырысымен түсірілген «Бекзат» толық метражды кино картинасының тұсауы кесілді.

Фильм Сидней Олимпиадасының чемпионы марқұм Бекзат Саттархановтың өмірі мен спорттағы жетістігіне арналады. Жаңа туынды жайында әріптесім Жандос Жұмабек баяндайды.

Небәрі 20 жасында жасындай жарқ етіп, қазақты айдай әлемге танытқан Бекзат Саттархановтың дариға дүниемен қоштасқанына да 20 жылға жуықтады. Осы аралықта Сидней олимпиадасының чемпионы жайында талай кітаптар жазылып, деректі фильмдер түсірілгенімен бұл жолғы фильмнің жөні бөлек, жосығы ерек. Олай дейтініміз толық метражды кино картинада Бекзаттың болмысы толық ашылған. Төл туынды көрерменді  шынайылығымен баурап алды. 

Шұға Тамаш, студент:

- Кино боямасыз, жасандылықсыз, басты рольде ойнаған әртіс те, басқаларының да шеберлігіне сөзім жоқ. Эмоциямды ұстай алмадым. Өте керемет түсірген. 

Мақсат Жаңабайұлы, Шымкент қаласының тұрғыны:

Бұл жерде жалпы екі тағдырды көрсеткен. Бірі Бекзат. Спортқа барып, жетістікке жеткен. Екіншісі оның досы, бұрыс жолмен жүріп, қателіктер жасағаны туралы екі тағдырды алып отыр. Фильм жастарға үлкен әсер етеді деп ойлаймын.

Фильмде Бекзаттың болмысын сомдаған жас актер Самат Әзімқұлов кішкентайынан Бекзаттың өнеріне тәнті болып өскенін айтады. Өзі де кикбокспен шұғылданған.  

Самат Әзімқұлов, Бекзаттың роліндегі актер:

- Бокс жағынан қиындық тудырған жоқ. Осы Түркістан қаласындағы бір түсірілімде жағыма қатты соққы тигізіп алдым. Бір бетім ісіп кетті. Сонымен кетті енді, ол да бір жақсылықтың белгіс ішығар сол кездегі қиын сәттер қазір енді қызықты шақтар. 

Кинокартинаның тұсаукесеріне батырдың ата-анасы арнайы қонақ ретінде шақырылды. Туынды Бекзаттың туыстарының да көңілінен шықты. 

Сырлыгүл Саттарханова, Бекзаттың анасы:

- Өте қуаныштымыз. Себебі бұл халықтың қанша жылдан бері аңсап келе жатқан киносы ғой бұл. «Әне кино шығайын деп жатыр, ой шықпай қалды, қаражат болмай қалды» деген себептермен елді сағынтып келген кино. Сондықтан біз сәттілік тілейміз. 

Фильмнің сюжеттік желісінде 90 жылдардың басындағы қиын-қыстау кезеңге тап келген Бекзаттың балалық шағы суреттеледі. Түркістан қаласындағы темір жолды бойлай орналасқан шағын ауылдың қарапайым тіршілігі бала Бекзаттың көзімен бейнеленеді. Оның арманы, намысқой бітімі әр бір сәтте сыналып отырады. 

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Осы фильм арқылы біз жастарды жігерлендіргіміз келеді. Олардың саансына үлкен бір рухани күш бергіміз келеді. Бекзаттай тума талант көп елде жоқ. Бүгінгі көрсетілім ерекше өтті. 3 қазаннан бастап еліміздің барлық кино театрларынада көрсетіледі. Түркістанда басталған алғашқы көрсетілім ертең Шымкентте, арғы күні Алматыда жалғасады.

«Бекзат» фильмі алдыға мақсат қойып, үлкен жетістікке жетудің жолын көрсетеді. Тек спортта ғана емес, өмірде де күресе білудің, бәсекеге қабілетті болудың қандай екенін көрсетеді. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы