388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында астық сақтау қоймасы жетіспейді

  • 165
  • UPD: 22:35, 30.09.2019

Арқалықта астық қабылдау кәсіпорындары тапшы. Биыл мұндағы екі ірі элеватор банкротқа ұшырап, жұмысын тоқтатқан. Осының бәрі өнімді сату мен сақтауға кесірін тигізіп тұр. Шаруалар онсыз да аз шыққан астық арзанға кетіп жатыр екен.

Алқаптың жиегінде жатқан бұл Мирный ауылындағы шағын қожалықтың бидайы. Көлемі 30 тоннадан асатын өнімнің сапасы жақсы, қамырлылығы жоғары, дейді шаруа Ерлан Айтбаев. Алайда делдалдар оны 5-класқа жатқызып арзанға алғысы келеді. 

Ерлан Айтбаев, шаруа:

- Мысалы, бір элеватор менің бидайымды төртінші класқа жатқызды. Бірақ 5-класс ретінде қабылдамақшы. Себебі жеке сақтайтын орын жоқ. Ортақ қоймаға құййса, басқа өніммен араласып сапасын жоғалтатынын айтады. Сондықтан тек сенің бидайыңды төртінші класпен қабылдау тиімсіз, өзіміз шығынға батамыз дейді. 

Астық қабылдаушылар біреуді алдап пайда табудан аулақпыз дейді. Соңғы күндердегі толассыз жаңбырдың кесірінен бидайдың сапасы күрт төмендеген. 

Қуаныш Ерденов, астық қабылдау кәсіпорнының директоры:

- Әрине бір жылғы еңбектері. Сенгісі келмейді. Бірақ біздің зертханамыз қашанда ашық. Жасыратыны жоқ. Келеді, өз көздерімен көреді. Анализ жасағанда да қасында тұрады.

Биыл Арқалықта екі астық қабылдайтын орын жұмыс істеп тұр. Олардың жалпы сыйымдылығы 57 мың тонна. Ал осы өңірден қазірдің өзінде 138 мың тонна өнім жиналған. Яғни қабылдау орындарының аздығы да шаруалардың астықты тиімді бағаға өткізуіне кесірін тигізіп отыр.

Нұрсұлтан Қабделов, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы:

- Арқалық қаласында орналасқан Торғай және Фурманов элеваторларында бидай жетіспеушілігі анықталып қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр. Осыған байланысты олардың лицензиялары алынып, олар жұмысын тоқтатып тұр.  

Тек сақтауға алған бидайды ғана емес, банктен алған несиесін де қайтара алмай  берешекке  батқан элеваторларға қазір жаңа инвесторлар іздестіріліп жатыр. Бірақ жаңа қожайыны орнығып, кәсіпорындарды іске қосқанша егін орағы аяқталатыны анық.

Авторлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы