389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде ғасыр жасаған жеті ардагер тұрады

  • 161
  • UPD: 08:22, 01.10.2019

1 қазан – ақтөбелік Мырзағалиевтер отбасы үшін ерекше күн.

Әулеттің барлық мүшесі ғасырлық ғұмыр иесі Айжамал Хұсайынқызы әжейдің үйінде бас қосып, қарияны мерекемен құттықтайды. Тағдырдың талай кезеңінен өткен кейуананың әңгімесін тыңдап, ақ батасын алады.

Айжамал Мырзағалиева – ғасыр жасаған Ақтөбедегі жеті қарттың бірі. Өмірдің талай қиын кезеңдерінен өткен әжей бүгінгі күніне шүкіршілік етеді. Себебі «халық жауының қызы» атанып, жастайынан туған жерден жырақ жүрді. Ал жастық шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келіп, еңбекке ерте араласқан. Қанша қиындық көрсе де, еш мойымаған кейуана кейін өмірлік жарымен жеті бала сүйіп, бақытты ғұмыр кешті. Бүгінде 16 немере, 22 шөбере және 10-нан астам шөпшек сүйіп отыр.

Райхан Мырзағалиева, келіні:

– 31 жыл бірге тұрып жатырмын. Ең кенже келінімін. Жүріп жүрген уақытында денсаулығы мықты болды. Кейін құлап, аяғын ауыртып алды.

Айжамал әже бүгінде 102 жаста. Аяғын ауыртып алып, арбаға таңылғанымен, сөзі мығым. Ұрпақтарына ақыл айтып, есте қалған кезеңдерін әңгіме етіп отырады. Өз әулетінің тарихын жатқа біледі. Ал ұзақ жасаудың сыры ең алдымен Жаратқанның әмірі, кейін қимыл-қозғалыс пен тағамның тазалығына байланысты дейді. Сондай-ақ қартты сыйлап, батасын алуды парыз еткенін атап өтті. Ғасырлық ғұмыр иесі бізге де ыстық лебізін білдірді.

Айжамал Мырзағалиева, зейнеткер:

– Ақылды болыңдар, арлы болыңдар, бақытты болыңдар. Менің берген батам сол болсын. Несібелерің мол болсын. Кең пейіл берсін, кетпейтін бақ берсін. Періште әумин десін.

Бүгінде қала бойынша ғасыр жасаған қариялардың саны аз. Мереке күні әрқайсысын назардан тыс қалдырмай, үйлеріне барып құттықтау дәстүрге айналған. Қала билігінің өкілдері бұл жолы да сый-сияпатын көрсетуді жоспарлады. Тіпті қажет болса, қосымша көмек көрсетуге де дайын екендіктерін жеткізді. Әзірге түрлі топтағы мүгедектер мен соғыс ардагерлері ғана қолдауға ие екен. 

Мақпал Тұрмағамбетова, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

– 12 мыңнан астам мүгедек бар. Соларға үлкен көмек бар. Коммуналдық төлемдер жағынан. Ол 30 пайыздан асып кетпесе, бізге келіп, құжаттарын рәсімдеп, содан кейін біз қаржы төлемдерін рәсімдей аламыз. Тоқсанына бір рет келіп, құжаттарын тапсырады. Одан бөлек, ҰОС ардагерлері, 1-топ мүгедектері қоғамдық көлікте тегін жүретіні бар. Болашақта тағы да көп жеңілдік болады.

Айта кету керек, бүгінде Ақтөбеде 53 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Мереке күні түрлі шаралар өткізу көзделген.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Морлдағалиев

Хабар 24 телеарнасы