389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарлық Уховтар отбасы ұзақ өмір сүрудің қыр-сырын біледі

  • 157
  • UPD: 08:23, 01.10.2019

Табысқа жеткің келсе, ерінбей еңбек ет. Ал ұзақ өмір сүрем десең, спортпен айналыс. Павлодарда тұратын Уховтар отбасы осындай ұстаныммен өмір сүріп жатыр.

Биыл 72 жасқа толған қос қарияның көптен жасырған құпиялары жоқ. Олар бір шаңырақ астында 52 жыл бірге тұрып келеді. Ауырып, дәрігердің алдына да барып көрмепті.

Валентин Ухов ардагерлер арасында өтетін спорттық шараларды қалт жібермейді. Ол – кір тасын көтеруден бес мәрте әлем чемпионы. Белсенді азаматтың жары Раиса Ухова да құр алақан емес. Түрлі көпсайыстарға қатысып, белсенді көзқарасымен өз қатарластарынан оқ бойы озық жүреді.

Раиса Ухова, зейнеткер:

– Бұл жерге тек жасы үлкен адамдар келмейді. Жастар, жалпы спортпен айналысатындардың барлығы келеді. Денсаулығын күтіп, салауатты өмір салтын ұстанатын адамдар қатары көбейген.

Раиса Ухова ақыл-есі кем балаларға арналған мектеп-интернатта психолог, әлеуметтік педагог қызметін атқарған. Зейнетке шыққалы бері жолдасы екеуі қоғамдық шаралардан қалмайды. Отбасы дұрыс тамақтануға баса мән береді. Олардың дастарханында майлы тағам мен жасанды сусындарға орын жоқ.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

– Ұзақ өмір сүрудің құпиясы тек қана спортта емес, дұрыс тамақтануда, дейді бұл отбасы. Мінекей, мен бүгін Раиса Ивановнаның асханасындамын. Алғашқы шеберлік сағатына қатысып жатырмын. Раиса Ивановна маған қыс мезгіліне қырыққабатты қалай дайындау керек екенін үйретті.

Раиса Ухова, зейнеткер:

– Пайдалы тағам дегеніңіз, ол біздің өзіміздің қолымызбен дайындайтын тағам. Көкөністі консервілемейміз. Ескі әдіспен бөшкелерге тұздап аламыз. Сірке суы, басқа да дәмдеуіштерді қоспаймыз. Таңғы ас мәзіріне міндетті түрде қарақұмық, сұлыдан ботқа пісіріп жейміз.

Ал отағасы Валентин Григорьевич кір тасын көтеруден бес мәрте әлем чемпионы атанған. 66 жасында 16 келілік кір тасын белгіленген уақытта 91 рет көтеріп, зейнеткерлер арасында әлемдік рекорд орнатқан. Осыдан екі жыл бұрын Грекияда өткен әлем чемионатында ұзақ кезеңдегі жаттығу бойынша кір тасын 65 рет көтеріп, тағы да рекорд орнатыпты.

Валентин Ухов, зейнеткер:

– Мен алдымен жаттығудың кешенді түрімен айналысамын. Итеріп барып, жұлқып көтеремін. Отырып тұрғанда аяғың, қолың, арқаң жүрек-қан тамырлары жүйесі бәрі жұмыс істейді.

Ерлі-зайыпты Уховтар жаз бойы саяжайда жұмыс істейді. Еңбекқор жандар бақша өнімдерін жинап болған. Қазір саяжай алқабын жаңа маусымға дайындап жатыр. Қариялардың алдағы жылдарға қойған жоспарлары аз емес. Келешекте жеміс ағаштарын жаңартып, жүзімнің ерте пісетін түрін өсіруді қолға алмақ.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы