389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысы Өтеген батыр кентінің тұрғындары жылу тарифінің қымбаттығына шағымданды

  • 131
  • UPD: 14:12, 01.10.2019

Тариф көп, бірақ жылу жоқ. Алматы облысы Өтеген батыр кентінің тұрғындары біздің арнамызға хабарласып, өткен жылы жылуға негізсіз көп ақша жұмсадық, бұл жағдай биыл да қайталануы мүмкін деп шағымданды.

Олар елді мекендегі тарифтің Алматымен салыстырғанда әлдеқайда қымбат екенін айтып, құзырлы мекемелерге де барған.

Іле ауданының орталығы Өтеген батыр кентінде өткен жылыту маусымында әр пәтер иесі жылуға 13 күн артық төлем жасадық, дейді. Яғни жылу беру 4 сәуірде тоқтатылғанымен, «Жылу жүйелері» серіктестігі атынан оларға 15 сәуірге дейін жылумен қамтамасыз еттік деген төлем түбіртегі келген. Келеңсіздік тудырған және бір жағдай елді мекендегі тарифтің қымбаттығы. Алматының іргесінде тұрған кенттегі екі бөлмелі пәтер иесі қаладағы дәл сондай пәтермен салыстырғанда жылуға 10 мың теңге артық төлеген. Бірақ екеуіне де біріңғай тариф бекітілген, дейді наразы тұрғындар.

Ирина Тюрина, Өтеген батыр кентінің тұрғыны:

– Қала мен елді мекен арасындағы жылу тарифінің арасын осы салыстырмалы кестеден көре аламыз. Біз былтыр жылу берілмеген күндер үшін де ақша төледік. Неліктен олай екенін түсіне алмадық. Егер де жылумен қамтамасыз ететін мекеме өз міндетін адал орындағанда мұндай наразылық туындамас еді.

Ал жылуға жауапты мекеме басшылығы мұның себебін көп қабатты үйлердің жылу есептегіш құралдармен жабдықталмауында, дейді. Ондай үйлердегі пәтер иелеріне бірыңғай тариф бекітіледі. Ол теңдей бөлінген дифференциалдық тарифке қарағанда жоғары болады. Арызданған тұрғындардың үйіне есептеуіш құрал жуырда ғана қойылыпты.

Алмас Садуақас, тілші:

– Бұл үйге жылу есептегіш құрылғысы биыл жазда орнатылды. Оны орнату үшін «Жылу жүйесі» серіктестігі 415 мың теңге талап еткен. Сондықтан әр жеке пәтер иелерінен 15-19 мың теңге аралығында қаржы жиналды. Алайда қазіргі кезде бұл есептеуіш толық іске қосылған жоқ.

Жыл сайын жылуға артық төлем жасап келген тұрғындар есептегіш құралды орнатумен мәселенің шешілетініне күмәнді. Оның дер кезінде іске қосылатынына да сенбейді.

Василий Батыр, «Жылу жүйесі» серіктестігінің басшысы:

– Біз жылу есептеуіш құралдарды орнататын компаниямен келісімшарт жасадық. Бұл үйдегі есептегіш әзірге іске қосылмағаны рас. Ол үшін жылу құбырлары толық тексерілуі керек. Содан кейін пәтер иелері кооперативімен келісім бекітіледі. Барлық құжаттар дайын, енді өзара жұмыс механизмін анықтаймыз.

Жалпы өткен жылы елді мекенде жылу құны 1 шаршы метрге 175 пен 188 теңге аралығында болды .Егер әр көп қабатты үй жылу есептегіш құралын орнатса, баға да нақты есептеледі, дейді серіктестік өкілдері. Қазіргі Өтеген батыр кентінде көп қабатты 120 үй бар. Олардың тек 15 пайызына ғана жылу есептегіш құралы орнатылған.

Авторлары: Алмас Садуақас, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы