389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысындағы шағын елді мекендерде ауыз су мәселесі шешілді

  • 155
  • UPD: 14:09, 01.10.2019

Павлодар облысында шағын елді мекен тұрғындары үшін ауыз су мәселесі оң шешімін тапты.

Бұл ауылдарға кішігірім су тазарту бекеттері орнатылды. Бағасы екі жарым миллион теңге тұратын су тазарту құрылғылары 8 ауылда пайда болды. Сумен қамтудың оңтайлы шешімі бюджет қаражатын да айтарлықтай үнемдеген.

Бөріктау ауылында 135 адам тұрады. Әрбір үйдің ауласында қолдан қазылған құдық бар. Сапасы төмен су ішуге жарамсыз. Елдегі ағайын қымбатқа түссе де, тіршілік нәрін қаладан тасып ішкенді жөн көреді. Лидия Беженарь су алуға күніне екі мәрте келеді. Құдық суы кір жууға жарамай қалған.

Лидия Беженарь, ауыл тұрғыны:

– Су таза. Бәрі риза. Бұрын су бізде таза болған жоқ. Қаладан такси жалдап, алатынбыз.

Кешенді блок модуль тәулігіне 700 литр су босатады. Ал тұрғындардың сұранысы екі есе артық. Шағын су тазарту бекеті бұрынғы мектеп ғимаратының ішінде орналасқан. Осының арқасында жобаның құны арзанға түсіп отыр.

Балтабай Ғаббасов, Ақсу қаласы әкімінің орынбасары:

– Сапалы ауыз су мәселесін КБМ арқылы шешіп отырмыз. Жалпы осы 9 ауылда халықтың саны бір мың екі жүз адам және де әрбір КБМ-нің құны орнату үшін 2,5 миллион теңге. Сонда біз 9 ауылды 25 миллионға жуық қаражатпен қамтып отырмыз.

Ауыл тұрғындары тағы бір қуанышты жаңалыққа куә болды. Жергілікті билік бос қалған ғимаратты коворкинг орталыққа айналдырған. Бұл жерге ауылдың үлкен кісіші толық келеді. Балалардың да бос уақытын ұтымды пайдалану үшін де таптырмас мүмкіндік бұл. Орталыққа келушілерге ғаламтор желісі тегін ұсынылады. Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, үстел теннисінен үйірмелер жүргізіледі. 

Алмагүл Букенова, ауыл тұрғыны:

– Өте жақсы мәселе. Мектеп болған. Үш жылдай болды, жабылып қалды. Осы мектепте мен 19 жылдай жұмыс істедім. Балаларымыз мектепке орталыққа барады.

Бұл орталықты ашуға бар жоғы 700 мың теңге қаржы жұмсалған. Оның өзінде жартысын ауылдың іскер азаматтары көтеріп алыпты.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат  Оспанов,  Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы