389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте ТЖҚ мамандары тұрмысы төмен отбасылардың құбырын тазалап жатыр

  • 133
  • UPD: 14:21, 01.10.2019

Шымкентте төтенше жағдайлар қызметінің мамандары тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауын тексеруде.

Олар шара аясында тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға құбырларын тазалау арқылы көмек қолын созуда. Себебі мұндай жанұялар өрт қаупі бар аймақта көптеп шоғырланған. Жалпы жыл басынан бері 161 өрт оқиғасы тіркелген.

Бұл – Шымкенттің іргесіндегі Көксай шағын ауданы. Мұндағы ескі саманнан тұрғызылған жер үйлердің дені пеш жағады. Олар жылыту құралын пайдаланғанда өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамайды, дейді төтенше жағдай қызметкерлері.

Нұрбек Байбосын, тілші:

– Статистикаға сүйенер болсақ, өрттің орын алуының 70% жеке сектордағы үйлерде кездеседі. Жыл басынан бері 5 адам қайтыс болған. Ал қайғылы жағдайды болдырмас үшін сала мамандары қыстың қамына жер қарада кіріскен.

Құтқарушылар бұл жолы тұрмысы төмен отбасыларға жадынамаларды таратып қана қоймай, көмек көрсетуді де ұйғарыпты. Олар әуелі үйлердің шатырына шығып, мұржаларды тазалады. Сосын үй ішіне кіріп, пештерін тексерді. Сондай-ақ жағымсыз иіс шыққанда дыбыс беретін арнайы құрылғыны орнатты. 

Бауыржан Ізбасаров, қалалық ТЖД және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасының басшысы:

– Жағдайы төмен отбасылар бізде есепке алынған. Жалпы қала бойынша 1294 отбасы бар. Осы жанұяларды аралап, жылыту маусымы алдында алдын алу жұмыстарын жүргізіп, көмек көрсетіп жатырмыз.

Осында көп жылдардан бері тұратын Ұлбазар апайдың үйіндегі жылыту құралында да ақау жеткілікті көрінеді. Қыстың көзі қырауда мұржа толып, қиналған сәттерде болған, дейді тұрғын.

Ұлбазар Дүйсенова, қала тұрғыны:

– Кейде баламның қолы тимей қалады мұны тазалауға. Оның төбесіне мен шыға алмаймын. Рақмет бұл кісілерге. Қамқорлық жасап, жылыту маусымына тазалап беріп жатыр.

Өткен жылмен салыстырғанда қалада биыл өрт оқиғасы жиілеген. Қызыл жалынға оранған тек тұрғын үй емес, автокөліктерде жетерлік. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметкерлері мен полицейлер бірлесіп, жүргізушілерге өрттің алдын алуды түсіндірді.

Ғалымжан Мұратов, Абай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы:

– Жыл басынан биыл Абай ауданы бойынша 9 өрт болған. Өткен жылы 15 өрт тіркелген. Байқасаңыздар, 35-40 пайызға өсіп жатыр. Сол себеп бойынша үгіт насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Мамандардың пікіріне сүйенсек, автокөліктегі өрт әуелі тұйықталудан шығады. Сосын қазір көп көліктер газ құрылғысын орнатқан. Ондағы жүйе дұрыс жалғанбаса, өрттің көкесі сонда болмақ.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов

Хабар 24 телеарнасы