Warning
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 142
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 136
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 131
389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Айшат Вагапова жағдайы төмен отбасылардан шыққан 50 балаға тегін тәрбие беруде

  • 250
  • UPD: 20:06, 01.10.2019

Көпбалалы ана көп балаға жылуын сыйлап жүр. Елордадағы мектепке дейінгі білім беру мекемелері желісінің негізін қалаушы Айшат Вагапова жағдайы төмен отбасылардан шыққан 50 балаға тегін тәрбие беруде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың аналарын да жұмыспен қамтып отыр.

Бұл балалар алаңсыз бала шақтан бақытты болашаққа дайындалып жатыр. Олардың әрқайсысынан қайырымды адам шығару тәрбие ошағының міндеті. Балабақшаның өзі де жанашырлық жемісі.

Айшат Вагапова, Мектепке дейінгі білім беру мекемелері қауымдастығы қалалық филиалының директоры:

- 20 жыл бұрын Қазақстанға Шешенстаннан көшіп келдік. Өзім педагогпын. Балалармен жұмыс істеу ең ізгі арманым еді. Жолдасым да мені қолдады. Алғашында мектеп жабдықтарын дайындадық, кейін жұмыс киімдерін тігумен айналыстық. Қиыншылық кезде мойымай еңбек ете бергенім рас. Президент жеке бақшаларды ашу керектігін айтқанда, қуана-қуана үйімізді балабақшаға айналдырдық. Алғашында 6 бала болды, кейін кезек көбейді. Осылайша, мектепке дейінгі ұйымдар желісін құрдық.

Бүгінде бұл желіде 800 бала тәрбиеленуде. 50-і көпбалалы және жағдайы төмен отбасылардан шыққан. Әзірбайжаннан келген Севинч Достиеваның қызы да осында. Тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс істейтін ол қиын сәтте демеу болар жандардан пана тапқанына қуанады.

Севинч Достиева, тәрбиешінің көмекшісі:

Бес-алты ана бар осындай. Баласы тегін келіп жүр. Адамдары жақсы. Балабақша жылы. Осы балабақшадан жұмысқа тұрғаным үшін өзімді бақытты сезінемін. Балам осы балабақшада жүргені үшін сондай бақыттымын.

Балабақшаларда тағдырдың түрлі тауқіметін тартқан 20 жұмысшы бар. Барлығы да Айшат ханымның қамқорлығын сезінген әрі оның ерік-жігеріне тәнті.

Жанасыл Дәуітқұл, тәрбиешінің көмекшісі:

Бұл жерде 5 мезгіл тамағын ішеді. Би үйірмесі бар. Тұзды бөлмесі бар. Бұл жердің ұжымы маған қатты ұнайды. Осы жерде жұмыс істеген маған қатты ұнайды.

Айшат Вагапова, Қазақстан мектепке дейінгі білім беру мекемелері қауымдастығы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры:

- Бізде түрлі ұлт өкілдері бар. Барлық балаға бірдей жағдай жасаймын. Тегін тәрбиеленіп жатқандар да үйірмелерге қатысады. Ағылшын тілі, робототехника бәрі бар. Өзім де көпбалалы анамын. Қиындықты көрдім. Сондықтан аналарды барынша қолдағым келеді. Мен ешкімнен көмек сұраған емеспін. Балаларымның болашағы үшін еңбек етіп келемін. Қазір олар көмекшілерім. Менің ойымша, ешкімге шағым айтпай, өмірге әкелген ұрпағыңа дұрыс тәрбие беру керек. Үлгі болу қажет.

Өнегелі ана, үлгілі кәсіпкер Айшат Вагапова кішкентай қазақстандықтарды үлкен болашаққа осылай бағыттауда. Адал еңбек, табандылық пен кіршіксіз арман жемісін берері анық.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы