389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорда іргесіндегі Жібек жолының тұрғындары суға, жолға, тіпті жарыққа жарымай отыр

  • 115
  • UPD: 18:52, 01.10.2019
Елорда іргесіндегі Жібек жолының тұрғындары суға, жолға, тіпті жарыққа жарымай отыр

Елорда іргесіндегі Жібек жолы ауылының тұрғындары бірнеше жылдан бері не суға, не жолға, тіпті жарыққа жарымай күн кешуде.

Тұрғындар базынасын айтып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қанша шағымданса да, мәселе шешімін таппай тұр. Ал ауыл әкімінің өз айтары бар. Тараптардың уәжін «Хабар 24» тілшісі Гүлзия Нақыпқызы тыңдап қайтты.

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

- Жібек жолы ауылы елордадан 20 шақырым жерде орналасқан. Тұрғындары шағыммен хабарласқан соң түсіру тобымызбен барып, көзбен көрдік, тұрғындармен тілдестік. Ашынған халық жолсыз, сусыз, жарықсыз отырмыз дейді.

Ысқақова Роза, ауыл тұрғыны:

-Тырнақтап жүріп ақшаларын жинап алғанда, ең бірінші бізге бұл жердің жарығы бар, суы бар, жолы бар деді. Бөркімізді аспанға аттық. Кейбір жерлерде бензин болмай қалды қатты аязда. Енді міне, биыл сол жағдай қайталана ма деп қорқып тұрмын.

Үшінші массив тұрғындарына таза су арман болған. «Әр жарты жыл сайын еститініміз – құр уәде» деп сенбеушіліктерін білдірді. Өздері құдық қазып алып, сол судан ішіп отыр. Құрамы тексерілмегендіктен, балалар ауруханаға түскен. Осы елді мекеннің тұрғыны Жанат екі баланың анасы үшінші сәбиге жүкті екен. Аяқ асты толғағы басталса, жедел-жәрдем көлігі келіп үлгермей ме деп қорқады.

Кенжетаева Жанат, ауыл тұрғыны:

Фильтрға салмасаңыз ішуге мүмкін емес. Тұндырып қойып ішеміз. Өздері құдық қазып алған, мемлекеттік су жоқ. Құрамында тұз, әк бар.

Оқушылардың мектепке барып-келуі де қиындық тудырып отыр. Мектеп автобусы бірде бар, бірде жоқ. Аялдама болмағандықтан, трассаны белгіленбеген жерден кесіп өтуге де тура келеді. Ауыл әкімі бұл мәселеге қатысты былай дейді.

Рыспаев Габдегаип, Жібек жолы ауылының әкімі:

- Біздің қолымызда емес, неге десеңіз бұл біздің ауылдан өтетін республикалық жол. Өз жағымыздан халық сұрағаннан кейін «Қазавтожолға» хат жаздық. Аялдама жасау үшін солардың рұқсаты керек. Әлі олар да шешімге келген жоқ.

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

Осы жердің тұрғындарының күнде кешкісін жасайтын жұмыстарын мен өз тәжірибемде қолданып көрмекшімін. Кеттік көрейік. Жоқ, менің қолымнан келмеді. Есесіне аяғы ауыр Жанаттың күнде кешкісін жасайтын жұмысы осы.

Күніне бензин құйып генераторды бір мезгіл ғана қосып, шыдамы таусылған халық, енді кімге мәселесін айтып, шағымданарын білмей дал. Әкім әкелер жылы болады, Үкіметтен енді қаржы бөлінді, жұмыс жасаймыз» дейді. Әліптің артын бағайық.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы